ДИКТОР: Қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қоғамның мәдени және зияткерлік деңгейін көтеру көзделіп отыр. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Енді бұл мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналмақ.

РКС: Президент Жарлығы аясында жаңа форматтағы заманауи кітапханалар ашу, цифрлық қызметтермен жабдықталған қоғамдық кеңістіктер құру, отандық жазушыларды қолдау және кітап индустриясын дамыту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы оқу мәдениетінің маңызы мен кітаптың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ролі туралы айтқан болатын. Әсіресе цифрландыру қарқынды дамып, қысқа форматтағы контент кең тараған кезеңде бұл мәселенің маңызы арта түсуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, оқу мәдениеті білімді әрі зияткерлік әлеуеті жоғары қоғам қалыптастыруға негіз болады.

ЦИТАТА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажырамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санаймын.

РКС: Өңір мектептерінде балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған «Балалар кітапханасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама оң нәтижесін көрсетуде. Бүгінде көптеген жас оқырман әдебиет әлемінде еркін бағдар тауып, өздеріне сүйікті жанрлары мен авторларын тапқан.

СНХ: АЙЛИН СЕЙІЛБЕК, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Мен кітапханаға келгенді ұнатамын, мұнда кітапханалар өте көп, мен әр күнде осы кітаптарды келіп үйде оқып алып келе аламын. Маған ұнайтын кітаптар Маугли Малыш и ласточка Фрэнк Штрейн, сосын тағы да көптеген кітаптар ұнатамын. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері де бар. Мұнда мен іздеген бүкіл кітаптар мына жерде бар.

СНХ: ӘЛИНҰР СӘЛІМОВ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Маған кітапханаға баруға ұнайды, ол жақта көп қызық ертегілер бар. «Алдар Көсе» тағы көп кітаптар бар. Бос уақытымда кітапханаға келіп оқу керек.

РКС: «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты балаларды кітап оқуға мәжбүрлеу емес, олардың әдебиетке деген шынайы қызығушылығын ояту. Жоба оқушыларды жаңа шығармаларды өз бетінше танып-білуге, белгілі авторлардың еңбектерімен танысуға және дүниетанымын кеңейтуге ынталандырады. Тақырыптық іс-шаралар мен интерактивті жобалар арқылы балалар кітаптың тек білім көзі ғана емес екенін түсінеді. Сонымен қатар, оқу мәдениеті жас ұрпақты Қазақстанның бай мәдени және тарихи мұрасымен таныстыруға мүмкіндік береді.

СНХ: ЛӘЗЗАТ СЫЗДЫҚОВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ: «Балалар кітапханасы» жобасы міндетін жүзеге асыру үшін біздің кітапханада бірнеше қызметтер жүзеге асырылады. Құрылуда атап айтатын болсақ, мерейтойларға ақын жазушылардың, сонымен бірге мемлекеттік күнтізбелерге байланысты кітап көрмелері ұйымдастырылып, шолу жасалады. Және де әдеби кештер, ақпараттық танымдық сағаттар, кездесулер ұйымдастырылады. «Biblio Fresh» квест ойындары, іс шаралары бар. Бұл шаралардың мақсаты балаларды кітап оқуға баулу және сонымен бірге кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту.

СНХ: ЕРМЕК АСАН, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ №3 КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің мектеп гимназиямызда оқушылардың кітап оқуына барлық жағдайлар жасалған, атап өтетін болсақ, бізде қазақ тілді кітаптардан да бөлек орыс тілді, ағылшын тілді және де түрік тілді кітаптарымыз бар. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай кітаптар тізімінде ұсына аламыз. Оқушылар ұнаған қызығушылығы артқан кітаптарды кітапханамызға келіп таңдап ала алады.

РКС: Мемлекет ұлттық әдебиетті ел ішінде ғана емес, шетелде де кеңінен насихаттауды басым бағыттардың бірі ретінде айқындап отыр. Осы мақсатта Үкіметке кітапхана инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи ақпараттық жүйелерді енгізу тапсырылды. Келер жылға дейін кітапханалар мен кітап басып шығару саласына қатысты жаңа заң әзірлеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстанда оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлттық сыйлық тағайындалады. Мамандардың айтуынша, балалық шақта пайдалы әдеттер қалыптасып, ой-өріс пен таным көкжиегі кеңейеді. Кітап оқу жаңа білім алуға ғана емес, сараптамалық ойлауды дамытуға және қоршаған ортаны тереңірек тануға ықпал етеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ