ДИКТОР: Әлем күнтізбесінде 9 маусым күні Халықаралық архив күні деп бекітілді. Бұл дата 2007 жылы Халықаралық архивтер кеңесі бастамасымен жүзеге асырылды. Бүгінде архив қорындағы құжаттар заман талабына сай цифрландырып, бірыңғай архив қорына көшірілуде. Сондай-ақ, өңірдің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірін айғақтайтын деректерді көз қарашығындай сақтап отырған Ақмола облысының мемлекеттік архиві жас мамандармен толығып, тарихи мұраға қызығушылық танытып жатқан жастардың қатары жыл санап артып келеді. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Бүгінде архив ісі заман талабына сай жаңарып келеді. Құжаттарды цифрландыру басты бағыттың бірі. Ол тарихи деректердің сақталуын қамтамасыз етуімен қатар, қолжетімді етеді. Цифрлық форматқа көшірілген материалдар арнайы дерекқорға енгізіледі. Зерттеушілер мен тұрғындар қажетті мәліметті бұдан былай онлайн форматта ала алады.  

СНХ: ЗАРИНА ТЫШТЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бүгінгі таңда базаға 57 қор, 35 мыңнан астам сақтау бірлігі енгізілді. Ақпараттық технологиялар бөлімі сондай-ақ оқу залының зерттеушілері үшін материалдарды сканерлеп, дайындаумен айналысады. Біз ғалымдар мен тарихшыларға қажетті құжаттарға қолжетімділік беруге көмектесеміз, олардың жұмысын жылдам әрі сапалы түрде атқаруына жағдай жасаймыз. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз.

РКС: Соңғы жылдары архив саласына қызығушылық танытып келе жатқан жастардың қатары артып келеді. Бұл қуанарлық құбылыс. Өйткені, жас буынның келуі саланың жаңаруына, цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуіне және архив ісіне жаңа леп беріп, жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Осылайша, архив ісі өткенді сақтап қана қоймай, болашаққа жол салатын көпірге айналуда.

СНХ: АҚСӘУЛЕ ҚЫЗБИКЕНОВА, ЖАС МАМАН: Бұл қызметке алғаш келген сәтте-ақ мені осы жердің тарихы қатты қызықтырды. Мұндағы жұмыс ерекше бір әлем сияқты әсер қалдырады. Бәрі жүйелі, түсінікті әрі жеңіл түрде ұйымдастырылған. Әр процесс нақты әрі айқын түсіндірілетіндіктен, өзіңді сенімді сезінесің. Өзім де ақпараттық жүйе мамандығы бойынша білім алып жатырмын, сондықтан бұл жұмыс менің кәсіби бағытыма толық сай келеді. 

РКС: Бұдан бөлек, жыл сайын болашақ архив саласының қызметкерлері облыстық мемлекеттік архивте тәжірибе жинақтап, мамандықтың қыр-сырымен тығыз танысады. Қазір 10-нан аса студент практика өтіп жатыр.  

СНХ: ӘЛИНҰРА СҮЛЕЙМЕНОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Тәжірибе өту барысында көптеген қызықты мәліметтермен таныстық. Бұл мамандық біз үшін орны ерек маман иесі. 

РКС: Архив құрылымында 5 негізгі бөлім және тоғыз арнайы архив қоймасы жұмыс істейді. Қор жыл сайын жаңа құжаттармен толықтырылып келеді. Мәселен өткен жылы архив қоры тізіміне 2 мыңға жуық құжат тіркелді. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ