ДИКТОР: Шымкентте колледж педагогтері мен қызметкерлерінің республикалық спартакиадасы ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 16 өңірінен 800-ге жуық педагог қатысты. Қатысушылар тартысты дода барысында спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. Ақмола облысының намысын қорғаған 60-қа жуық адам жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Жеңіспен оралған спортшыларды жерлестері теміржол вокзалынан салтанатты түрде қарсы алды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Алаңда ән мен күй әуелеп, мерекелік көңіл-күй орнады. Үлкен баннерлер мен құттықтау жазбалары көтеріліп, ерекше қарсы алу ұйымдастырылды. Ұстаздарын қарсы алуға арнайы жиналған студенттердің де қарасы қалың.
СНХ: НҰРИДДИН МҰХИТТАН, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Сол құраманың ішінде менің кураторым Төлеген Жүсіпович дәстүрлі әннен береді. Сол кісіні әнмен қарсы алдық. Директорымыздың бастауымен ән шашуымызды әкелген жайымыз бар. Ол кісі футбол ойнағанда алдына жан салмайды. Жалпы сегіз қырлы бір сырлы, кешегі Иман Жүсіп бабамыздай балуан. Кез-келген қолына алған істі соңына дейін жеткізбей қоймайтын мықты кісі.
Бұл тойың әндерменен мәнді болған
Ал бізге әнмен шашу заңды болған
Шымкенттен келіп жатыр ұстаздарым
Біз сіздерге арнаймыз ән, жыр алуан
Тек жеңіске жете бер Ақмоламыз
Басына бақыт құсы мәңгі қонған.
РКС: Спорттың 9 түрін қамтыған жарыста ақмолалықтар жақсы нәтиже көрсетті. Әсіресе тоғызқұмалақ, арқан тарту және бес асық сайыстарында жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Спорттың қалған түрлерінде де тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындар үшін күресті. Жинақталған ұпайлар жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтеріліп, спартакиаданың күміс жүлдесін иеленуге мүмкіндік берді.
СНХ: АРМАН ОСПАНОВ, ШУЧИНСК ҚАЛАСЫ ЖОҒАРЫ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің сортшылар тоғызқұмалақтан алтын медаль жеңіп алды. Арқан тартудан күміс жүлдеге ие болдық. Ал қыздар арасындағы волейбол мен бес асық сайыстарында қола медаль еншіледік. Қалған спорт түрлерінен де сәтті ойын көрсеттік. Өзім волейбол жарысына қатыстым. Алғашқы кездесулеріміз Қостанай, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Шымкент командаларымен өтті. Ойын қорытындысы бойынша алтыншы орынға тұрақтадық. Команда көрсеткішке қанағаттанды. Жарысқа қатысуға мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасының басшылығына алғыс білдіремін.
РКС: Жарыстың тартысты кезеңінің бірі – тоғызқұмалақ сайысы. Бұл бәсекеде бас жүлдеге Жамбыл мен Жетісу облыстары да үміткер болған. Ақмола облысының құрамасы қарсыластарынан оза шығып, бірінші орынды иеленді.
СНХ: ҚУАНЫШ МҰХАМЕДЖАНОВ, ШУЧИНСК ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Жалпы жеті тур болды. Жеті турдың алтауын ұттық. Біреуінде тең ойнадық. Жетінші турға қарамай чемпион атандық. Ақтөбе қалласы, Шымкент, Түркістан облысы, Қарағанды облысымен ойнадық. Астана қаласымен ойнадық, Жамбыл облысымен ойнадық. Мықты-мықты командалар. Біз бірінші орын алдық, Жамбыл облысы екінші орын алды, үшінші орынды Жетісу облысы алды.
РКС: Республикалық спартакиада келесі жылы Қостанай қаласында өтеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ