ДИКТОР: Сондай-ақ, канадалық компания өкілдері Ақкөл ауданында орналасқан «Еңбек» серіктестігіне барып, кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысты. Шаруашылықтың басты ерекшелігі - егін шаруашылығында гербицидтер мен химиялық тыңайтқыштар мүлдем қолданылмайды. Топырақ құнарын цифрлық бақылау мен органикалық тыңайтқыштар арқылы сақтап, жаңартып отырады. Шетелдік мамандарды қызықтырған жобалар туралы тілші баяндасын. 

РКС: «Еңбек» серіктестігі Қазақстандағы органикалық егіншілікпен жүйелі түрде айналысатын кәсіпорындардың бірі. 2013 жылдан бері халықаралық стандарттарға сай сертификатталған жер көлемі бүгінде 5 мың гектардан асқан. Мұнда жасымық, қарақұмық, зығыр және қатты бидай өсіріледі. Өнім Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтарына экспортталып, Италия, Нидерланды, Бельгия және Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде жоғары сұранысқа ие.

СНХ: ҚУАНЫШ РАҚЫШЕВ, «ЕҢБЕК» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Органикалық өнімді бөлек өңдейміз, бөлек сақтаймыз. Еуропалық компания арқылы сертификатталғанбыз. Яғни, Еуропа, АҚШ және Канада нарығына шығуға мүмкіндік бар. 2009 жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Еуропаға өнім экспорттау үшін немістің Petkus компаниясының заманауи желісін орнаттық. Дәнді 99,9 пайыздық тазалық деңгейіне дейін жеткіземіз.

РКС: Шетелдік мамандар аймақтың аграрлық әлеуетін жоғары бағалап, топырақ сапасын цифрлық талдау, өнімділікті болжау және дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу арқылы өндірісті жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Бұл - өнім көлемі мен оның сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек.

СНХ: ДЖОН ДЖЕНСЕН, «TELUS AGRICULTURE & CONSUMER GOODS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: Ақмола облысы - ауыл шаруашылығына өте қолайлы, құнарлы аймақ. Қазақстан - Орталық Азияның нағыз астықты өлкесі. Мұндағы фермерлердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Біз әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейміз, бірақ Қазақстандағы даму қарқыны айқын байқалады.

РКС: Кәсіпорынның тағы бір маңызды бағыты - 900 басқа арналған сүт тауарлы фермасы. Заманауи кешен толық климат-бақылау жүйесімен жабдықталған. Температура, ауа айналымы және желдету - автоматты түрде реттеледі. Сауын процесі де роботтандырылған.

СНХ: САҒЖАН РАҚЫШЕВ, «ЕҢБЕК» СЕРІКТЕСТІГІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әр кешенде төрт роботтандырылған сауын аппараты бар. Әр база 300 орынға есептелген, бірақ біз шамамен 10 пайызын малдың еркін қозғалуына жағдай жасау үшін бос қалдырамыз. Сондықтан әр базада 270 сиыр орналасады. Адам еңбегі тек техникалық бақылау деңгейінде ғана қажет. Бұл жұмыс тиімділігін де арттырады.

РКС: Ал жобаға салынған инвестиция көлемі 8 миллиард теңгеден асады. Қаржының басым бөлігі жеке инвестиция есебінен тартылған. Ал 3 миллиард теңгеден астамы «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие ретінде берілген.  

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ