ДИКТОР: Халықаралық TELUS Agriculture корпорациясының канадалық бөлімшесінің өкілдері KazBeef компаниясының бордақылау кешеніне жұмыс сапарымен келді. Делегация кәсіпорында енгізілген заманауи технологиялармен танысып, өндірістегі цифрландыру деңгейін бағалады. Кездесу барысында тараптар мал шаруашылығына арналған инновациялық IT-шешімдерді енгізу, агроөнеркәсіп секторына инвестиция тарту және өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бастамалар қарастырылды.
РКС: Бордақылау алаңы малды облыстың барлық ауданынан сатып алып, әрі қарай семіртумен айналысады. Орта есеппен әрбір бұқа бордақылау алаңында бір жылға жуық ұсталады. Дайын өнім Ресей мен Таяу Шығыс елдеріне экспортталады. Канадалық компанияның президенті Крис Террис кешен жұмысына жоғары баға берді. Ол заманауи технологияларды тиімді қолдану сапалы әрі бәсекеге қабілетті ет өндіруге мүмкіндік беретінін айтады.
СНХ: КРИС ТЕРРИС, TELUS AGRICULTURE & CONSUMER GOODS КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл жерді аралап, нысандарды көргенде ерекше әсер аласың. Бордақылау алаңының жұмысы, бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелері, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мүмкіндіктері ғылымға және осы салада еңбек етіп жүрген мамандар жүргізген сапалы зерттеулерге негізделген. Мұндағы климаттық жағдай мен қолда бар мүмкіндіктер Канадаға өте ұқсас. Сондықтан Қазақстанның ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға және цифрландыруға ықпал ететін көптеген технологияларымыз бен инвестицияларымызды енгізуге нақты мүмкіндік бар деп есептейміз.
РКС: Қазір KazBeef компаниясының құрамында 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Экспорт көлемін ұлғайту мақсатында кәсіпорын өндірістік қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта қолданыстағы нысанның жанынан тағы 15 мың басқа арналған жаңа бордақылау кешені салынады. Нәтижесінде компания жыл сайын мал басын 30 мыңға дейін жеткізбек. Сондай-ақ, Аршалы ауданында жаңа ет өңдеу комбинатының құрылысы басталады. Қазір жұмыс істеп тұрған зауыт тәулігіне 50 бас ірі қара малдың етін өңдейді. Ал жаңа өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш он есе артып, тәулігіне 500 басқа дейін жетеді. Нәтижесінде кәсіпорынның жылдық өңделген өнім көлемі 60 мың тоннаға дейін артады.
СНХ: АЗАМАТ ОРЫМБАЕВ, «KAZBEEF PROCESSING» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ең алдымен, KazBeef қазір өндіріп жатқан NAMP халықаралық стандартына сай вакууммен қапталған ет өнімдері. Сонымен қатар жартылай фабрикаттар, тартылған ет, котлеттер мен стейктер өндіріледі. Бұл бөлшек саудаға және түпкі тұтынушыға арналған өнімдер. Сондай-ақ QSR сегментіне арналған азық-түлік өнімдері шығарылады. Бұған Қазақстан нарығында жұмыс істейтін McDonald’s, Burger King, Hardee’s сияқты брендтерге қажетті котлеттер мен басқа да өнімдер кіреді. Бұдан бөлек, субөнімдер мен техникалық мақсаттағы өнімдер өндіріледі. Жоба аясында мал сою цехы, етті сүйектен ажырату цехы және техникалық фабрикаттар өндіретін бөлім іске қосылады. Кешен 2028 жылы толық іске асырылады деп күтілуде.
РКС: Кәсіпорын толық цикл қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, жем-шөп өсіруден бастап терең өңдеуге дейінгі барлық кезең қамтылған. Холдинг жем-шөпті де өз күшімен дайындайды. Биыл мұнда 4,5 мың гектар алқапқа арпа және сүрлемге арналған дақыл егілді. Айта кетейік, өңірде ет бағытындағы 87 және мамандандырылған сүт-тауарлы 47 ферма жұмыс істейді. Сондай-ақ жалпы қуаттылығы 33 мыңнан аса басқа жететін 7 ірі бордақылау алаңы бар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ