ДИКТОР: Ақмола облысы жетекші аграрлы өңірдің бірі. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 80-ге жуық кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 300 миллиард теңгеден асты. Бұл игі бастаманың игі жалғасы бар. Бүгін Көкшетауда жылына 120 мың тонна құрама жем өндіретін «Sаvory» зауыты ашылды. Заманауи технологиямен жабдықталған жаңа кәсіпорын өңір экономикасына тың серпін беріп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жалпы құны шамамен 6 миллиард теңге болатын «Sаvory» компаниясы Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның бірі. Кәсіпорын агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылып отыр. Инвестициялық бастамаға отандық кәсіпкерлер мен шет ел инвесторлары да белсене атсалысты. Салтанатты шара барысында бірқатар ірі кәсіпорынмен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРМЕК ӘБУОВ, «ҚАЗАҚСТАН ФЕРМЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Алға қойған басты мақсат мал басын еселеп арттыру. Отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейту. Ауыл шаруашылығы Министрлігі мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарына арналған кешенді жоспарларын әзірледі. Осыған байланысты құрама жем өндірісін арттыру мәселелері ерекше мәенге ие.
СНХ: ГЕОРГИЙ ЭМИРИДЗЕ, GIG HOLDING КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Бұл біздің сіздермен бірге жүзеге асырып отырған алғашқы жобамыз емес, әрі соңғысы болмайтынына да сенімдімін. Бұл оңай жоба болған жоқ. Дегенмен, біз бірлесе отырып, бастапқы кезеңде осы кәсіпорында болған бірқатар процесті жетілдіріп, өндірістің тиімділігін арттыруға қол жеткіздік.
РКС: Аумағы 3 гектардан асатын заманауи зауытта астық қабылдау пункті, дәнді дақылдарды кептіру және сақтау орындары мен зертхана бар. Кәсіпорын Дания елінің озық, толық автоматтандырылған құрылғыларымен жабдықталған. Бұл технологиялар жұмысшылардың еңбегін едәуір жеңілдетіп, жоғары сапалы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Қазір зауыт сағатына 18 тоннаға дейін, тәулігіне 200 тоннаға жуық сапалы түйіршіктелген дайын өнім шығарады.
СНХ: ШЕРХАН ХАЛИТҰЛЫ, «SАVORY» КӘСІПОРНЫНЫҢ АУЫСЫМ БАСТЫҒЫ: Шикізат ең бірінші лабораториядан тексеріледі. Содан кейін микро, макро дозаторлар арқылы өтеді. Олардың барлығы микро бункерлер арқылы қойма бар, барлығы сол жерде жиналып, алмасып, әрі қарай қаптамаға жіберіледі. Онда қап арқылы шығады. Кейін лаборатория тағы бір қарайды. Рұқсат алғаннан кейін әрі қарай мешкотара тіге бастайды. Соны қабылдап, қарап отырамыз.
РКС: Мал шаруашылығына арналған витаминдік қоспалар, концентраттар мен премикстер өндіру саланың дамуына тың серпін беріп отыр. Бұл бағыттағы заманауи технологиялар да мал азығының сапасын арттырып, өнімділікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашуда. Өнім сапасы жергілікті шаруалардың көңілінен шығып отыр. Әзірге 50-ден астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын болашақта отандық өнімді әлемдік деңгейге шығаруды мақсат етіп, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ