ДИКТОР: Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев шаһардағы ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын тексерді. Сапар барысында ол бірқатар кәсіпорынды аралап, өңірдегі энергетика, агроинновация және индустриялық әлеуетті дамыту бағыттарымен танысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Нұрлыбек Нәлібаев алдымен мал шаруашылығына арналған құрама жем өндіретін ірі өндірістік кешеннің жұмысымен танысты. Жылына 120 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған. Мұнда мал мен құстың өнімділігін арттыруға бағытталған витаминдер мен құнарлы қоспалар қосылған арнайы рацион әзірленеді. Кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысымен ғана шектелмей, экспорттық бағытты дамытуға да ниетті.
СНХ: РУСЛАН КӘКЕНОВ, «SАVORY» КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Сондай-ақ қазір біз зауытты жаңғыртуды да көздеп отырмыз. Жеткізушілермен бірлесіп, өнім ассортиментін кеңейту бағытында жұмыс жүргізудеміз. Соның нәтижесінде қолданыстағы инфрақұрылым негізінде балық шаруашылығына арналған жем өндіру мүмкіндігін де қарастырып отырмыз.
РКС: Бірінші вице-премьерге өңірдегі көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да таныстырылды. Ел бойынша 124 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтсе, соның 16-сы Ақмола облысына тиесілі. Бүгінде тәулігіне 2 мыңнан астам жолаушы қабылдайтын сапаржай, жоба аяқталған соң 3 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Нысанды пайдалануға беру мерзімі қазан айына жоспарланған.
СНХ: МҰРАТ ТӨРЕГЕЛДИН, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз 15 вокзалды осы жаздың аяғына дейін бітіруімізді де жоспарлап отырмыз. Енді Көкшетау вокзалы жаңа айтылғандай ғимарат дайын, бірақ та конкорс пен перрон жұмыстары жалғасуда, бұл күзге дейін болады.
РКС: Алайда бірінші вице-премьер мұндағы құрылыс жұмысының қарқынын сынға алды. Оның айтуынша, дәл қазір туристік маусым қызған шақта жөндеу жұмыстары тұрғындар мен қонақтарға қолайсыздық тудырып отыр. Сондықтан жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар нысанды созбалаңға салмай, 1-ші тамызға дейін тапсыру жүктелді.
СНХ: НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл Мемлекет басшысының қолдауы. 124 вокзал бұл өте керемет. Бір жылдың ішінде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Бұл көптен күткен қайта жаңғырту жұмыстары. Енді қаншама кісілер, қонақтар келіп жатыр. шетелден келіп жатыр. Ұят енді бұл. Өздеріңіз де айтып жатсыздар, бұл 45 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жұмыстар жүрмеген. 1-ші тамызға дейін аяқтаңыздар!
СНХ: ҚАНАТ ҚАРАБАЛИН, ЖОЛАУШЫ: Иә, байқағаным вокзалдар Қазақстан бойынша барлық жерде жаңартылып жатқан секілді. Себебі Ақтау қаласында да жаңартылып жатыр. Ол жақсы деп ойлаймын. Қазіргі 21-ші ғасырға сай қылып, бәрін жаңартса, жақсы болады. Туристерге де, Ақтауға да, Көкшетау халқына да жақсы.
РКС: Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жетекші кәсіпорындардың бірі - «Қазақстандық агроинновациялық корпорациясы» серіктестігінде болды. Бүгінде зауыт жыл сайын 8 мыңға жуық техника құрастырады. Мұнда астық жинайтын комбайндар, қуатты тракторлар, шағын ауыл шаруашылығы техникалары мен түрлі аспалы және тіркемелі жабдықтар шығарылады. Өнім еліміздің барлық өңіріне жөнелтіледі. Кәсіпорында 400-ге жуық маман еңбек етеді.
СНХ: ОЛЕГ БАЛЫБИН, «ҚАЗАҚСТАН АГРОИННОВАЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Компания 2010 жылы саудамен айналысатын кәсіпорын ретінде құрылды, 2016 жылдан бастап өндіріс бағытын қолға алдық. Бүгінде бізде ірі ауыл шаруашылығы машина жасаушы кәсіпорындармен стратегиялық әріптестік бар. Атап айтқанда, Ресейдің «Ростсельмаш» компаниясы, «Клевер» компаниясы және Минск трактор зауытымен ынтымақтастық орнатылған. Компания жыл сайын өндірістегі қазақстандық үлесті арттырып келеді. Басты мақсатымыз – осы бағыттан таймай, шаруаларға сапалы әрі қолжетімді бағада дайын өнім ұсыну.
РКС: Сондай-ақ бірінші вице-премьер «Kokshe Industry» индустриялық аймағында орналасқан бірқатар өндірістік жобалармен танысты. Бүгінде индустриялық аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жобалар іске асырылып жатыр. Көкшетау үшін маңызды стратегиялық жобалардың бірі - жаңа жылу электр орталығының құрылысы. Себебі Көкшетау өскен сайын энергия мен жылуға да сұраныс артып келеді. Мамандар 2035 жылға қарай қалада жылуға деген сұраныс 840 гигакалориядан асады деген болжам жасайды. Ал көмір жағып, қосымша электр құрылғылар қосып, су жылытудан мезі болған тұрғындар жылу электр орталығының тезірек біткенін қалайды. Бұл - Мемлекет басшысының назарында да тұрған мәселе.
СНХ: АҢСАР АЙДАРОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бірінші қуаттылығы 2028 жылдың 3-4 тоқсанында берілетін болады. Қазіргі уақытта біз қазандықпен градирняның құрастыру жұмыстарын бастап кеттік отырмыз. Сонымен бірге биыл жол жұмыстары, теміржол жұмыстары және скі қосу, қазандық жұмыстары бітетін болады. Қазіргі таңда биыл қазан айында бірінші қазандықтың жабдықтары жеткізілетін болады, турбиналарымызды келесі жылдың наурыз айынан, сонымен бірге 2028 жылдың бірінші тоқсанында жеткізіп, орнатылатын болады.
РКС: Жоба экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ. Себебі, жаңа станцияда «таза көмір» технологиясы енгізіліп, атмосфераға шығатын түтін арнайы жүйелер арқылы толық тазартылып шығарылады. Осылайша, отын да үнемделіп, атмосфераға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшері айтарлықтай азаяды деген болжам бар. Нұрлыбек Нәлібаев бұл энергетикалық тұрақтылық пен тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін стратегиялық жоба екенін атап, жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау міндетін қойды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ/АҚМОЛА АПТА