ДИКТОР: Бурабай курортты аймағында су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған ауқымды акция өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері рейдтік және профилактикалық шаралар өткізіп, демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
РКС: Рейдтік шаралар Үлкен Шабақты, Қатаркөл, Бурабай және Щучье көлдерінде ұйымдастырылды. Алдын алу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 150-ге жуық қызметкері жұмылдырылып, алты топқа бөлініп жұмыс жүргізді. Рейд барысында құтқарушыларға техникалық ақауға ұшыраған серуендеу қайығындағы туристерге көмек көрсетуге де тура келді. Қайық бортында алты адам болған.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Облыс аумағында 700-ден астам су айдыны бар. Сондықтан судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру басты міндетіміздің бірі. Осы бағытта рейдтік-профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Шомылу маусымы басталғалы бері мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін шамамен 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
РКС: Шомылу маусымы басталғалы бері облыс аумағындағы су айдындарында үш қайғылы оқиға тіркелді. Салдарынан екі жасөспірім мен бір ересек азамат көз жұмған. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алды.
СНХ: АНДРЕЙ САЛИКОВ, ТУРИСТ: Әр адам судағы өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені кез келген су айдыны қауіп төндіруі мүмкін. Ең бастысы балаларды қараусыз қалдырмау керек. Көп жағдайда балалардың жағадан алысқа жүзіп кеткенін көреміз, ал сол сәтте ата-аналары басқа нәрсеге алаңдап кетуі мүмкін.
РКС: Рейд барысында бірнеше адамның судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталды. Нәтижесінде екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуға және балаларды үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ