ДИКТОР: Білім беру саласында жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Осы бағытта Көкшетауда ұстаздардың цифрлық құзыретін арттыру үшін ChatGPT Edu платформасына 651 лицензия бөлінді. Оның 571-і мектеп мұғалімдеріне таратылған. Бұл бастама ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға қалай әсер етеді? Тілші баяндайды.

РКС: Бүгінде бұл құралды педагогтер сабақ жоспарлау, оқу-әдістемелік материалдар дайындау, тест тапсырмаларын әзірлеу, білім сапасын талдау және интерактивті оқыту әдістерін енгізу сияқты түрлі бағытта белсенді пайдаланып келеді. Жасанды интеллект білім беру процесін жеңілдетіп қана қоймай, оқытудың сапасын арттыруға, уақытты үнемдеуге және оқушылардың оқу нәтижесін жақсартуға ықпал етуде.

СНХ: АЙЫМ ӘЛІБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСТЕМЕ МЕҢГЕРУШІСІ: Сонымен қатар, Техникалық лицей-мектебінде Protector AI жасанды интеллект жүйесі мен 170 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жүйе оқушылар мен педагогтердің көңіл күйін бақылап, буллинг жағдайларын анықтайды және педагогтің сыныпта болуын қадағалайды. Сондай-ақ, №11 мектеп-гимназиясында жасанды интеллектпен жабдықталған 6 камера, ал №18 мектеп-лицейінде 8 камера орнатылған. Алдағы уақытта мұндай жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған камераларды қала мектептеріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен цифрлық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.

РКС: Көкшетаудағы «Келешек мектептерінің» бірі №20 мектеп гимназиясында «Arduino Uno» платформасы негізінде жасалған қоқысты сұрыптайтын «ақылды контейнер» жобасы экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған заманауи технологиялық шешім ретінде ұсынылып отыр. Бұл құрылғы қоқысты автоматты түрде сұрыптауға мүмкіндік беріп, қалдықтарды қайта өңдеуге жіберу процесін жеңілдетеді.

СНХ: АЙДАНА АЯПБЕРГЕН, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл қалай жұмыс істейді? Құрылғыда қашықтықты анықтайтын ультрадыбыстық датчик орнатылған. Адам қоқысты жақындатқан кезде, датчик оны сезіп, контейнердің қақпағы автоматты түрде ашылады. Осылайша, қолды былғамай қоқыс тастауға мүмкіндік бар. Егер қағаз тасталса – арнайы бөлігі, ал пластик бөтелке тасталса – тиісті бөлігі ашылады. Қазір бұл жоба бастапқы нұсқада жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта біз оны жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер қосуды жоспарлап отырмыз.

РКС: Сабақ беру үдерісіне де айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Оқушылар енді оқулықпен ғана шектелмей, жасанды интеллекттің көмегімен түрлі шығармашылық идеяларды дамытып, қызықты оқу тақырыптарын өздері де ұсына алады. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Фаризат Шәріпова оқушыларға арналған арнайы кітаптар әзірлеген. Кітаптардың ерекшелігі – олардың анимациялық форматта ұсынылуы және QR-код арқылы қолжетімді болуы. 

СНХ:ФАРИЗАТ ШӘРІПОВА, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ: Өз сабақтарымда жасанды интеллект мүмкіндіктерін көп қолданамын. Оқушылар үшін өте қызықты платформалардың бірі – Storybook. Бұл бағдарлама арқылы мен сабақтың тақырыбын енгіземін, ал жүйе сол тақырып бойынша арнайы ертегі немесе кітапша дайындап береді. Мысалы, жаратылыстану сабағында «Жасанды жарық көздері» тақырыбын өтетін болсақ, Storybook бізге суреттері мен түсіндірмелері бар қызықты кітапша әзірлейді. Біз оны сабақ барысында бірге оқып, талқылаймыз. 

РКС: Заманауи құралдар мен инновациялық тәсілдер мұғалімдердің жұмысын оңтайландырып, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етуде. Әсіресе «Келешек мектептері» жобасы аясында енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, болашаққа бағытталған мүмкіндіктердің негізін қалыптастырып отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ