ДИКТОР: Егіндікөл ауданында үш жыл бұрын елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен, мәселе әлі толық шешілмеген. Бүгінде кей ауылда тұрғындар тіршілік нәрін тасымалдап ішуге мәжбүр. Аудан басшылығы бұл түйткілді кезең-кезеңімен шешуге күш салып жатқанын айтады.
РКС: Бір кездері Егіндікөл ауданындағы ең өткір мәселенің бірі ауыз су тапшылығы еді. Тозығы жеткен желілер мен ескірген нысандар тұрғындарды әбігерге салды. Былтыр ауданның желілерді жөндеуге қаржы бөлініп, су құбырлары мен сорғы жабдықтары жаңартылды. Полтавское және Буревестник ауылдарындағы су нысандары жөнделді. Десе де Жұлдыз, Жаманбұлақ және Абай ауылдарының тұрғындары күні бүгінге дейін орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған. Қазір бұл ауылдарда тұрғындар суды арнайы блок-модульдер арқылы алады. Мәселені түбегейлі шешу үшін су нысандарын жаңғырту қажет.
СНХ: ЮРИЙ КУРУШИН, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған елді мекендерді қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 54 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат жер асты жинақтаушы резервуарларының көлемі 15 текше метр болатын суды таратуға арналған біріктірілген блок-модульдерді сатып алуға және орнатуға жұмсалады. Су мәселесін шешу басты назарда. Қазір 387 миллион теңгеге 7 су нысанын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.
РКС: Сондай-ақ жылумен қамту саласында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Соңғы үш жылда бұл бағытқа 195 миллион теңге бөлініп, жылу желілерінің ұзындығы 1,6 шақырымнан 5 шақырымға дейін ұлғайтылған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 45-тен 30 процентке дейін төмендеген. Ендігі мақсат – аудан орталығындағы жеке секторды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу. Жоба жүзеге асса, аудан орталығындағы жүздеген тұрғын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады, - деді аудан әкімі.
СНХ: ЮРИЙ КУРУШИН, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтыр 212 абонент орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Егіндікөл ауылындағы 5 қазандықтың барлығына жаңа қазандық орнатылып, ауыстырылды. Сондай-ақ жаңа блокты-модульді қазандық сатып алынып, шағын ауданға орнатылды. Қазір Егіндікөл ауылының жеке секторын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін 600 абонентке арналған үш блокты-модульді қазандық орнату мәселесі қарастырылуда.
РКС: Бұдан бөлек, ауданда бірқатар жаңа жоба қолға алынған. Соңғы жылдары тұрғындар су жағалауында демалуға арналған қауіпсіз әрі жайлы орындардың жоқтығына жиі шағымдануда. Осы мәселені шешу мақсатында биыл Егіндікөл ауылындағы көл жағалауында жағажай мен пирсі бар демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба құны 86 миллион теңге. Сондай-ақ, Спиридоновка ауылында да жағажай салу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар демалыс инфрақұрылымын жақсартып, ауылдардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ