ДИКТОР: Астанада «Creative Aimaq» жобасы аясында аймақ шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Креативті индустрияны дамыту қорына қарасты алаңда өңір шеберлерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, суретшілердің туындылары, авторлық киім топтамалары мен стартап жобалар ұсынылды. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары –- Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

РКС: Көкшетаулық Ерлан Мүсіпов көрмеге спорттық киім үлгісін әкелді. «Alga Kazakhstan» брендімен танымал ол спорттық кэжуал бағытындағы киімдерді заманауи сәнмен ұштастырып әзірлейді. Қазір тұтынушылардың сеніміне ие болған бренд жергілікті спортшыларға ғана емес, жанкүйерлерге де арналған ерекше топтамаларымен ерекшеленеді.

СНХ: ЕРЛАН МҮСІПОВ, «ALGA KAZAKHSTAN» БРЕНДІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫСЫ: Біз спорттық кэжуал бағытындағы брендті іске қостық. Қазақстанда бұл сала әлі толық қалыптаспаған, сондықтан бұл – жаңа бағыттардың бірі. Қазір көптеген брендтер спорттық киім шығарады, ал біз жанкүйерлерге арналған ерекше киім үлгісін жасадық. Яғни бұл өнім спортшыларға емес, дәл жанкүйерлерге арналған. Қазіргі таңда біз «Барыс» хоккей клубымен жұмыс істеп, оларға арнайы топтама әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ Көкшетаудың жергілікті «Оқжетпес» командасымен де келісім жасап, жанкүйерлік киім мен мерч желісін дайындаудамыз. Мұндай өнімдер бұл нарықта бұрын болмаған деуге болады.

 РКС Ал Қосшы қаласынан келген қолөнер шебері Бектас Кәрім сүйектен түрлі бұйым жасайды. Ол бұл кәсіппен 2014 жылдан бері айналысып келеді. Шебердің туындылары шетелдік көрмелерде де жоғары бағаланған.

СНХ: БЕКТАС КӘРІМ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ: Осы көрмеге біраз жұмыстарды әкеліп қойып отырмын мұнда. Мұнда енді жауырын сүйегі қазақта жаңағы тегін сүйек емес, оны ырымдайтын бір ерекше сүйек, бір жағы. Ол енді жауырын сүйек болғанда қара малдың сүйегінен көбірек жасалған. Қара малдың сүйегі енді сүйек болғаннан кейін жұмыс кішкене ауырлау, өзіндік бір уақытпен. Бір-екі апта, айлық уақытта жасалынады жұмыстары. Сондықтан енді әр жұмыстың бір арнайы тақырыбы бар, тақырыпқа сай жұмыс жасалынады. Осындай жұмыстар. Бұл сүйек жұмысы біздің қазақ өнерінде кішкене кенжелеген жұмыс, сондықтан да мен оны ілгері қарата, жаңағы, дамыту мақсатында, жаңағы келер ұрпаққа осы сүйек зергерлігі біздің қазақта қандай болу керек.

РКС: Жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары елорда тұрғындарымен қатар басқа өңірлерден келген қонақтарды да тәнті етті.

СНХ: САРА МӘДИЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен Жамбыл облысынан келдім. Көрмеде өте керемет туындылар ұсынылған. Өте әсерлі, көп бұйымдар бар, көруге тұрарлық көрме. 

РКС: Сонымен қатар көрмеде заманауи технологияларға да ерекше назар аударылды. Арнайы аймақта робототехника, жасанды интеллект, киберспорт және ішкі туризм салаларындағы стартап жобалар таныстырылды. Айта кетейік, өңірде креативті индустрия саласында 1 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ