ДИКТОР: Ақмола облысының бес ауданында ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Саяси науқан аясында 9 елді мекеннің жаңа басшылары анықталды. Арнамыздың түсірілім тобы Біржан сал ауданында болып, саяси науқанның барысымен танысып қайтты. 

РКС: Біржан сал ауданында Аңдықожа батыр кенті, Заозерное ауылы және Заурал ауылдық округі әкімдерін сайлау ұйымдастырылды. Әдеттегідей, барлық сайлау учаскелері таңғы 7-ден, кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істеді. Учаскелік комиссия өкілдерінің айтуынша, дауыс беру ашықтық пен заң талаптарына сай өтті.

СНХ: ГҮЛІМ БАЙДҮЙСЕНОВА, №257 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: сайлау учаскесінде 336 сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге арналған 339 бюллетень берілді. 3 азамат таңдауын үйден жасады. сайлау науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытуда. Дауыс беру үдерісі Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес өткізілуде. Учаскеде кандидаттардың сенімді өкілі де қатысып, сайлау барысын бақылауда. Ол таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмысын бастады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы бұрыш жабдықталған. 

РКС: Таңмен таласа сайлау учаскелеріне ағылған ауыл тұрғындары өз елді мекендерінің болашағына бейжай қарамай, белсенді түрде дауыс берді.

СНХ: МАЙНҰР ИМАКАНОВА, АҢДЫҚОЖА БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін біздің ауылымызда, Аңдықожа батыр ауылында, осындай жақсы науқан өтіп жатыр. Біздің еліміздің халқымыз қашан да осындай жақсылыққа бір үйім, бір ауыздан жиналамыз. Ойлаймын, бүгінгі осы дауыс беретін сәтті өтеді деп ойлаймын. Еліміздің бәрі келеді, қатысады. Біздің ауылымыз қашан да осы беделді, абыройлы. Сондықтан да енді болашақ біздің акимымыз дағы еліміздің елеулісі, халқымыздың қалаулысы болсын. Иә, сол енді менің айтатын тілегім. Еліміз аман, халқымыз тыныш болып, иә, жақсылыққа өтуге өмірімізге тілектеспін.

СНХ: КАПИТАН БЕРЕКЕ , АҢДЫҚОЖА БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің ауылда бүгін міне жақсы науқан өтіп жатыр. Осы сәтті өтсін деп тілеймін. Бүгін міне таңертең өзім осы ауылы науқанға қатысуға, таңертең осы таңдауымды жасауға келіп, өз таңдауымды жасадым.

РКС: Ал Заозерное ауылында әкім лауазымына үш үміткер түскен. Олардың барлығы - өзін-өзі ұсынған азаматтар.

 СНХ: НАТАЛЬЯ НОСОВА , ЗАОЗЕРНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Үміткерлердің ішінен ең лайықтысын таңдау - әрбір саналы азаматтың міндеті деп білемін. Бүгін ауыл тұрғындарының барлығы дерлік белсенді түрде келіп, өз даусын беріп жатыр. Әрине, бұл ауылымыздың ертеңі үшін маңызды шара. Сондықтан мен де туған жерімнің жанашыры ретінде сайлауға үнемі қатысып, өз таңдауымды жасауға тырысамын.  

РКС: Сондай-ақ, бұл күні Атбасар, Ерейментау, Жақсы және Целиноград аудандарында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Үш ауылдық округте дауыс беру жоспарлы түрде ұйымдастырылса, 6 округте сайлау мерзімінен бұрын өткізілді. Жалпы сайлау процесін бес аудандық және 35 учаскелік сайлау комиссиясы үйлестірді. Дауыс беру науқанына 32 үміткер қатысты, олардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынған азаматтар болды. Сайлаушылар белсенділігі бойынша ең жоғары көрсеткіш Атбасар ауданының Полтавка ауылдық округінде тіркелді. Мұнда тұрғындардың 87 пайызы өз таңдауын жасады. Ал ең төменгі белсенділік Целиноград ауданының Қараөткел ауылдық округінде байқалған. Мұндағы сайлауға сайлаушылардың небәрі 6 пайызы ғана қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша Атбасар қаласының әкімі болып 60 пайыз дауыс жинаған Бахтияр Кузенов сайланды. Покровское ауылдық округінде Гүлмира Марденова жеңіске жетті. Полтавка ауылдық округінің әкімі қызметіне Людмила Порфирьева, ал Донской ауылдық округіне Жұмабек Аубакиров тағайындалды. Заураловка ауылдық округінің әкімі болып Толқын Бужбанов сайланды. Белағаш ауылдық округіне Аталық Аубакиров әкім болып бекітілді. Ал Заозерное ауылдық округінде Қанат Иманқұлов жеңіске жетті. Қараөткел ауылдық округінің әкімі болып 84 пайыз дауысқа ие болған Даурен Жеңіс сайланса, Ақсуат ауылдық округінде Жандос Ибатов 86 пайыз қолдауға ие болып, ауыл әкімі атанды.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ