ДИКТОР: Ерейментау ауданының экономикасы қарқынды дамып келеді. Әсіресе өнеркәсіп, ауыл және мал шаруашылығы, сондай-ақ инвестициялық бағыттарында оң серпін байқалады. Бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7 миллиард теңгеден астам өнім өндіріп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. 

РКС: Тау-кен саласында біршама өсім тіркелген. Өнім өндіру көлемі 2 миллиард 300 миллион теңгеге жетіп отыр. Саланың дамуының негізгі тетігі мыс-молибден кенін өндіретін кәсіпорын болса, қайта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ.  

СНХ: НҰРЛАН МҰҚАТОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 879,9 мың теңгені құрап, жалпы өндіріс көлеміндегі үлесі 12,2 пайыз болды. Нақты көлем индексі 102,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіштерге «ТМЗ-Сервис Қазақстан» ЖШС, «Капитал Кастинг» ЖШС және «АРЗ-811» АҚ кәсіпорындарының өндірістік қызметі оң әсерін тигізді. 

РКС: Мал шаруашылығы да тұрақты даму кезеңінде. 4 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінде мал басының өсімі байқалады. Ауданда 74 мың ірі қара, 100 мыңға жуық ұсақ мүйізді мал және 44 мың жылқы бар. Жыл басынан бері 400 тонна сиыр еті өндірілді. Экспортты-бағдарланған ет кластерін құру жұмысы да қатар жалғасуда. 

СНХ: НҰРЛАН МҰҚАТОВ, ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Осы ет кластерді дамыту үшін біз негізгі үш тірек үлкен жобаны белгіледік. «Торғай консорциумы» жобасы, одан қалды «Жаңа береке», қара мал, 5 мың репродуктор бар, 5 мың бордақылау алаңы бар. Және де Ерейментау астық. Ол және біздің мынау қой ешкі жаңағыдай қой бордақылау алаңы 5000 басқа арналған осы өткен жылда бұл жоба берілді. Биылға осы жобаны 10 мың басқа дейін қойды бордақылау алаңына жеткізуге сондай жоспар алып отырмыз.

РКС: Ауданда инфрақұрылымның дамуы да қарқын алған. Селеті ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту ірі жобаның бірі. Құны 810 миллион теңгеге жуық. Жүргізілген жұмыстардың аясында 15,5 шақырым болатын су құбыры желісі жаңғыртылуда. Өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту Ерейментау ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыты болып қалып отыр. Жоспарланған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ