ДИКТОР: Ақмола облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы түрлі ақпараттық-түсіндіру шаралары өтуде. Көкшетауда жастар арасында тәуелділіктің алдын алуға бағытталған кезекті кездесу ұйымдастырылды. Шараға олимпиадалық резервтегі №7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің 80-ге жуық оқушысы қатысты.

РКС: Іс-шараны «Жаңа кезең» қоғамдық қоры жасөспірімдер мен жастар арасында тәуелділіктің алдын алуға бағытталған әлеуметтік жоба аясында өткізді. Бүлдіршіндер психолог маманмен еркін форматта жұмыс істеп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Шара интерактивті дәріс пен ашық диалог форматында өтті.

СНХ: БАЯН МУСИНА, ПСИХОЛОГ: Іс-шара барысында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген құқықтық жауапкершілік, темекі мен ішімдіктің адам ағзасына тигізетін зияны, сондай-ақ лудомания мен интернетке тәуелділіктің пайда болу себептері мен олардың алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді. Жастардың саналы таңдау жасау дағдыларын қалыптастыруға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.

РКС: Қатысушылардың бірі – Абдусаид Базарбай. Жас болса да, зиянды әдеттерден саналы түрде аулақ екенін айтады. Кішкентайынан триатлонмен айналысып, болашақта кәсіби спортшы болуды мақсат еткен.

СНХ: АБДУСАИД БАЗАРБАЙ, ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВТЕГІ №7 ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен триатлонмен айналысамын. Бүгінгі кездесу маған өте ұнады, қызықты әрі пайдалы болды. Бізге есірткінің, кальян мен вейптің зияны туралы, сондай-ақ дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде айтылды. Менің ойымша, мұндай ақпарат жасөспірімдер үшін өте қажет, өйткені зиянды әдеттер денсаулыққа кері әсер етіп, ауыр зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін.

РКС: Кездесулер бұған дейін Көкшетау жоғары медициналық колледжі мен олимпиадалық резервтегі №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде өтті. Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ