ДИКТОР: Шаһардың басты алаңында оқушыларға арналған «Қауіпсіз жол – балалар үшін» ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Басты мақсат – балалардың жазғы демалыс кезінде жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, далада мұқият болуға үйрету. Оқыту іс-шараға тілшіміз Евгений Варанкин қатысып қайтты.

РКС: Практикалық шараға облыстық прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасы мен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Балалар үшін арнайы танымдық алаңдар ұйымдастырылып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға жол қозғалысы ережелері туралы ақпарат беріліп, түрлі тәжірибелік көрсетілімдер ұсынылды.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі шара біздің болашағымыз саналатын балаларымыздың қауіпсіздігіне, олардың өміріне байланысты болғандықтан біздің шараға үлкен, ерекше мән беріп қарап отырмыз. Себебі мемлекет басшысының өзі бүгінгі бүлдіршіндер еліміздің тұтас еліміздің болашағы екенін әрдайым айтып жүреді. Сондықтан сіздердің бірінші кезектегі қауіпсіздігіңіз, сіздердің өмірлеріңіз біздің мемлекеттің ең үлкен құндылығы болып есептеледі. 

РКС: Шара барысында оқушылар жүк көліктерінің жүргізушіге көрінбейтін соқыр аймақтары бар екенін біліп алды. Мамандар балаларға жолдан өту кезінде аса сақ болу қажеттігін түсіндіріп, көлік құралдарының жанында ойнаудың қауіпті екенін көрсетті. Сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған көрнекі көрсетілімдер арқылы жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдары түсіндірілді.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: МАРАТ БАҚТЫБЕКҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл акцияны балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткіздік. Балалар - болашағымыз, сондықтан олардың барынша қорғалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тырысамыз. Әсіресе қазіргі уақытта ата-аналардың көбі жұмыста болатындықтан, балалар көбіне өз бетімен қалады. Біреулері лагерьлерге жіберілсе, басқалары үйде қалады. Сол себепті жолда, көшеде өзін қалай ұстау керектігін көрнекі түрде көрсетуді жөн көрдік. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелеріне жауапсыз қараудың салдарынан қандай жағдайлар туындауы мүмкін екенін түсіндіруді тырыстық.

РКС: Шараға шаһардың бастауыш сынып оқушылары қатысты. Балалар полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысып, жолда және көшеде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы мағлұмат алды. Практикалық көрсетілімнен кейін оқушылар өз әсерлерімен бөлісті.

СНХ: ӘЛИНҰР БИМЕНДІ, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: КамАЗ көлігінде отырдым, маған өте қызықты болды. Жүргізушіге көрінбейтін соқыр аймақтардың қай жерде орналасқанын білдім. Маған жол қозғалысы ережелерін әкем үйретті. Жол қозғалысы ережелерін ешқашан бұзбаймын.

СНХ: КӘУСАР СЕРІК, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Бүгін осы жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған акцияға қатыстым. Маған өте қатты ұнады. Мен КамАЗ көлігіне отырып көрдім. Онда жүргізушіге көрінбейтін соқыр аймақтар бар екен, сол жерде отырғанымда бірнеше адамды көре алмадым. Ал көліктің макетті қағып кеткенін көрсеткен кезде қатты қорықтым, өте шынайы көрінді. Жол қозғалысы ережелерін бұрыннан білетінмін, ал бүгін олармен жақынырақ танысып, енді оларды ешқашан бұзбауға тырысамын.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал ететінін айтты. Жазғы демалыс кезінде мұндай түсіндіру жұмыстары өңірдің барлық ауданында жалғасады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ