ДИКТОР: Жаз мезгілі басталысымен Бурабайға ағылатын туристер қатары көбейеді. Биыл да еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келетін демалушылар саны 2 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Осындай қарбалас кезеңде курортты аймаққа келген қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің біріне айналады. Бұл жауапты жұмысты туристік полиция қызметкерлері абыроймен атқарып келеді. Туристердің тыныштығы мен қауіпсіз демалысын күзеткен қызметтің жұмысы туралы тілші жалғастырады.

РКС: Демалушылардың айтуынша, туристік полицияның қызметі курорттағы демалысты әлдеқайда жайлы әрі қауіпсіз етеді. Үндістаннан келген турист Сунил Гопал Кизхекке Веетил Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабайға 2-ші рет табан тіреп отыр. Оның сөзінше, бұл өңірге тек табиғатының көркемдігі ғана емес, демалушылар үшін жасалған қауіпсіз әрі тыныш орта да ерекше тартады.

СНХ: СУНИЛ ГОПАЛ КИЗХЕККЕ ВЕЕТИЛ, ҮНДІСТАННАН КЕЛГЕН ТУРИСТ: Ең бастысы мұнда өзіңді қауіпсіз сезінесің. Ауа райы да тамаша. Күн қатты ысып кетсе, саялы жерге барып тынығуға болады. Жалпы, бұл жер ерекше әсер сыйлайды. Мұнда күні бойы серуендеп жүрсең де, шаршағаныңды сезбейсің. Бұл күш-қуатқа толы мекен. Менің ойымша, әр адам өмірінде кем дегенде бір рет Бурабайға келіп, оның сұлулығын өз көзімен көруі керек. 

РКС: Бурабайда туристік полиция 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Қызметкерлерден құралған арнайы топтар демалушылар көп шоғырланатын орындарды тұрақты түрде патрульдеп, азаматтардың өтініштері мен сұраныстарына жедел жауап береді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары туристерге бағыт-бағдар көрсетіп, көрікті жерлерге апаратын тиімді бағыттарды түсіндіреді және ұлттық парк аумағында сақталуы тиіс ережелермен таныстырады. Бұдан бөлек, демалушыларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізеді.

СНХ: РУСЛАН ЖАҢАЛЫҚОВ, ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Туристік полицияның негізгі мақсаты демалушыларға жан-жақты көмек көрсету, қажетті кеңес беру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Күн сайын қызметке шамамен 4 полиция қызметкері түседі. Бізге көбіне белгілі бір нысандардың орналасуы, геолокациялар мен туристік көрікті жерлерге қалай жетуге болатыны жөнінде сұрақтар қойылады. Жазғы туристік маусым басталғалы бері біздің қызмет аймағымызда бірде-бір құқық бұзушылық дерегі тіркелген жоқ. 

РКС: Туристік маусым қызған шақта құқық қорғау органдары қызметкерлері курорт қонақтарының сенімді көмекшілерінің біріне айналады. Ең бастысы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және туристерге қажетті көмек көрсету,- дейді туристік полиция қызметкерлері.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.