ДИКТОР: Биыл Целиноград ауданы 120 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Әкімшілік өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін арттыруға басымдық беруде. Ауданда «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің сүт-тауарлы фермасы және басқа да кәсіпорындар кеңейтілуде. Ақмол ауылында көпқабатты жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр.

РКС: Ауданда жеке инвестициялардың үлесі артып келеді. Былтыр аудан экономикасына мемлекеттік емес табыс көздерінен 40 миллиард теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл қаражат елді мекендерді дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Инвестициялық жобаларға аудан бюджетінен 920 миллион теңге бөлінді, оның едәуір бөлігі ауылдарды абаттандыруға бағытталған.

СНХ: ДАРЫН САБЫРҒАЛИ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Елді мекендерді абаттандыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиарда теңге игерілді. Ауданымыздың 15 ауылында балалар ойын және спорт алаңдары жабдықталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді, бейнебақылау жүйелері орнатылып тұрғындардың қауіасіздігі мен жайлы өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған өзге де жобалар іске асырылды. Көшелерді жарықтандыруды дамыту мен ұстауға 1,2 миллиарда теңге бөлінді.

РКС: Былтыр Ақмол ауылында 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір кредиттік көпқабатты 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның 6-уы биыл, қалғаны келер жылы пайдалануға берілмек. Жыл басынан бері 80 шақырымнан астам жолға асфальт төселді.

СНХ: ДАРЫН САБЫРҒАЛИ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Алдағы уақытта бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады. Ағымдағы жылы қажетті қаржы бөлінген жағдайда, өтпелі жобаларды аяқтау, жаңа нысандарды бастау және 75 шақырымнан астам жолды асфальттау жоспарлануда. Аталған іске мердігерлік ұйымдардың қатысуы ерекше маңызға ие. Қол жеткізілген келісімдер бойынша «АБК Автодор НС» серіктестігі қолданыстағы кредиторлық берешек есебінен бірнеше нысанды өз қаражаттарымен бітіреді. Бұл Қызылжар, Талапкер және Қараөткел ауылдарындағы жобаларды жеделдетуге мүмкіндік береді. 

РКС: Елорда маңындағы аймақта газ инфрақұрылымы да дамып жатыр. Газбен қамтудың 7 нысаны іске қосылды. Көгілдір отынмен Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Ыбырай Алтынсарин, Талапкер, Қоянды және Қараөткел ауылдарының тұрғындары қамтамасыз етілді. «УралГазПроект» серіктестігі Қабанбай батыр, Қызылжар, Қажымұқан, Нұресіл, Өтеміс және Арайлы ауылдарын газдандыру жобасының құжаттаманы әзірлеуде. Қазір көгілдір отынға қажеттігі есептеліп жатыр. Жобалық жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ