ДИКТОР: Жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын «LIDER.KZ» еріктілер қозғалысына биыл 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында қоғамдық ұйым құқық қорғау органдарымен және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесе жұмыс істеп, мыңдаған адамның отбасына оралуына зор үлес қосып келеді. Бүгінде қозғалыстың бөлімшелері еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Іздестіру тобының жұмысымен тілшіміз Евгений Варанкин танысып қайтты.
РКС: Көкшетаудағы іздестіру жасағының еріктілері жоғалып кеткен адамдарды іздеуге тәулік уақытына қарамастан атсалысады. Олар орман-тоғайды, ашық даланы, су айдындарының маңын тексереді. Іздестіру жұмысын толықтай еш ақысыз жүргізеді. Бүгінде жасақ құрамында 15 волонтер бар. Олардың әрқайсысының негізгі жұмыс орны мен отбасы болғанымен, кез келген шақыртуға жедел әрекет етуге дайын. Еріктілердің басты мақсаты адам өмірін сақтап қалу мен жақындарын қуанышқа бөлеу. Биыл волонтерлер 70 адамды іздеп тапты.
СНХ: ЕКАТЕРИНА САФОНОВА, «LIDER.KZ» ІЗДЕСТІРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Instagram желісінде жұмыс істеп, хабарламалар тарататып отыратын 100-ден астам волонтеріміз бар. Көкшетау қаласы бойынша жастар қозғалысы да жасақталған. Соңғы уақытта адамдардың жоғалып кету жағдайлары көбейіп кетті. Қазір жаз мезгілі болғандықтан, балалар көшеде көп жүреді. Кейде олар ата-аналардың назарынан тыс қалады. Сондай-ақ деменцияға шалдыққан қарттар мен егде жастағы адамдардың да жоғалып кету жағдайлары кездеседі. Сол кезде еріктілеріміз іздеу жұмыстарына тікелей қатысады. Instagram желісіндегі «Lider KZ Көкшетау» парақшасында болып жатқан оқиғалардың барлығын жариялап отырамыз. TikTok-та да парақшамыз бар, онда іздеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрсетеміз.
РКС: Іздестіру шаралары кезінде еріктілер өздерінің жеке уақытын ғана емес, қаржысын да жұмсайды. Қала сыртындағы іздеу жұмыстарына шыққан кезде жанар-жағармай шығындарын өз қалталарынан өтейді. Соған қарамастан олар тұрғындардан қаржылай көмек сұрамайды және кез келген шақыртуға дайын тұрады.
СНХ: МАРИНА КРАУС, ВОЛОНТЕР: Ең қиыны барлық қажеттіліктерімізді өз күшімізбен қамтамасыз етеміз. Тамақ, су, жанар-жағармай шығындардың бәрін өзіміз төлейміз. Ай сайын еріктілер арасында қаражат жинаймыз. Әркім қолынан келгенше мың, екі мың теңгеден қосады. Жиналған қаржы жанар-жағармайға және іздестіру жұмыстарына қажетті басқа да шығындарға жұмсалады. Кейде көлік те бұзылып қалады, іздеуге таксимен баруға тура келеді. Өзім декреттік демалыстағы анамын. Балаларымды біреуге қалдыру әрдайым оңай емес. Кейде балаларымды үйде қалдырып, басқа біреудің жоғалған баласын немесе қарт адамды іздеуге шығатын кездерім болады. Іздестіру жұмыстары тәуліктің кез келген уақытында жүргізіледі. Түнгі сағат екіде де хабар келуі мүмкін. Ондай жағдайда бірден іздеу жұмыстарына аттанамыз.
РКС: Он жыл ішінде еріктілер қозғалысы қоғамның сеніміне ие болды. Бүгінде олардың тәжірибесі мен үйлесімді жұмысы төтенше жағдайлар кезінде маңызды көмекке айналып отыр. Волонтерлер тәртіп сақшыларымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Жыл басынан бері жоғалып кеткен 95 адамның барлығы табылды.
СНХ: ЖАНДОС АМАНТАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: «LIDER.KZ» қоғамдық бірлестігі бізбен бірге жұмыс жасайды. Көбінде оларды адамдарды іздеу шарасына шақырамыз. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп оларды бөлеміз, бағыттарын береміз, қай жақта іздеу керек екен. Соңғы рет қай жерде телефоны сөніп қалды, мысалы, немесе оларды соңғы рет қай жерде көрді. Сондайлар болуы мүмкін. Жедел табуға тырысамыз. Бізде қазір 2026 жылы табылмай қалған, із-түзсіз жоғалған адам жоқ.
РКС: Ұйым мыңдаған адамның табылуына үлес қосып, қоғамдағы өз орны мен маңызын дәлелдеді. Қай уақытта болмасын көмекке келуге дайын волонтерлер бүгінде де адамдардың үмітін ақтап келеді. Олар көмек сұрамайды, керісінше әрдайым жәрдемдесуге дайын. Егер іздестіру жасағына қолдау көрсеткіңіз келсе немесе жоғалған адамды іздеуге байланысты қандай да бір көмек қажет болса, Баймұқанов көшесі, 84 мекенжайына жүгіне аласыз немесе 8 702 531 80 19 нөміріне хабарласа аласыз.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ