ДИКТОР: Ақмола облысында жазғы сауықтыру науқаны жалғасуда. Каникул уақытында өңірдегі балалар лагерьлері мен демалыс орталықтары оқушыларды қабылдап жатыр. Балалар үшін білім беру жағдайы жасалып, шығармашылық және спорттық бағдарламалар әзірленген. Бұл олардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуімен қатар, жаңа орта табуына, денсаулығын нығайтуына және талантын шыңдауына жағдай жасайды.

РКС: «Жас дәурен» балалар білім беру-сауықтыру орталығында жазғы маусым қыза түсті. Қазір мұнда аудандардан келген 100 оқушы демалуда. Балалар шығармашылық үйірмелерге қатысып, спорттық секцияларда шынығып, зияткерлік ойындар мен түрлі мәдени-танымдық кештерге белсенді араласуда. Балалар үшін жазғы лагерь әлдеқашан сүйікті демалыс орнына айналған. Кейбір оқушылар лагерь тынысымен алғаш танысса, өзгелері мұнда жыл сайын келуді әдетке айналдырған. Өйткені орталықтағы әр күн көтеріңкі көңіл-күйге, жарқын әсерлерге және пайдалы тәжірибеге толы.

СНХ: АЛИСА ӘБДІРАХМАНОВА, ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛУШЫ: Мен бұл лагерьге бесінші рет келіп отырмын. Мұнда маған бәрі ұнайды. Тәрбиешілеріміз өте мейірімді, белсенді әрі ақжарқын. Кеше достық тақырыбына арналған кешкі шара өтті. Өте қызықты болды. Бүгін нейрографика сабағына қатысып, спорттық секцияларда болдық. Әсіресе нейрографика сабағы қатты ұнады. Біз түрлі суреттер салып, шығармашылық қабілетімізді дамыттық. Спорттық секцияны Иван есімді тәлімгер жүргізді. Ол да өте позитивті әрі ашық жан. Уақытымызды қызықты өткіздік.

СНХ: АБДУХАМАД ЕРЛАН, ЛАГЕРЬДЕ ДЕМАЛУШЫ: Мен Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Державинск қаласынан келіп отырмын. Менің туған күнім лагерьде өтті. Көңіл күйім керемет. Өте керемет әсердемін. Мен 1-ші отрядтан боламын. Мен осы лагерьге 2-ші рет келіп отырмын. 1-ші рет жай ғана жарысқа келген болатынмын. 2-ші рет демалуға келіп отырмын. Осы лагердің арқасында көптеген достар кездестірдім. Және вожатыйларға рахметімді айтқым келеді. Олар бізді жақсы қарсы алып, қонақжайлықтарын көрсетті. 

РКС: «Жас дәурен» орталығында жазғы кезең 1 маусымнан басталды. Каникул кезеңінде жеті тақырыптық ауысым өткізу жоспарланып отыр. Әр ауысымның өзіндік тұжырымдамасы мен арнайы бағдарламасы бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат демалысты лагерьге алғаш келген балалар үшін де, жыл сайын келетін тұрақты демалушылар үшін де мазмұнды етуге мүмкіндік береді. Ерекше назар қауіпсіздік мәселесіне аударылған, күзет қызметі мен медициналық пункт тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда демалысты қызықты өткізу мен көңіл көтеруге ғана емес, тәрбиелік бағыттағы жұмыстар мен балалардың жан-жақты дамуына да ерекше мән берілген.

СНХ: АЛЕКСАНДРА МАЛЮТИНА, «ЖАС ДӘУРЕН» БАЛАЛАР БІЛІМ БЕРУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар «Адал Азамат» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалардың бойына адалдық, жауапкершілік, әділдік және айналадағы адамдарға құрметпен қарау сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды бірлескен іс-әрекет, ойын және қарым-қатынас арқылы сіңіру. Орталықта бүлдіршіндердің бос уақытын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру үшін үйірме жұмыстары жолға қойылған. Оқушылар спорттық секцияларға қатысып, «Гамма» бейнелеу өнері студиясында шығармашылық қабілеттерін дамыта алады, ағаш өңдеу шеберханасында практикалық дағдыларды меңгереді. Сондай-ақ, «Мұра және қолөнер» этномастерлік алаңында ұлттық қолөнер түрлерімен танысуға мүмкіндік бар. Балалардың эмоционалдық жай-күйін қадағалау және психологиялық сауығуына жағдай жасау үшін «Гармония» психологиялық тынығу бөлмесі жұмыс істейді. 

РКС: Өңірдегі балалар лагерьлері жаз бойы облыстың түкпір-түкпірінен келген оқушыларды қабылдайды. Биыл шамамен 15 мың бала қамтылмақ. Олардың ішінде 2000-ға жуық ақмолалық оқушы тегін жолдама арқылы демалады. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ