ДИКТОР: Балабақшаларға ваучерлік жүйе арқылы бөлу тетігі ата-аналар арасында әлі де қызу пікірталас тудырып отыр. Бұған дейін ата-аналар мектепке дейінгі ұйымды өздері еркін таңдай алса, енді балалар бос орын бар балабақшаларға автоматты түрде бағытталады. Жаңа жүйе үдерісті ашық ету мақсатында енгізілгенімен, іс жүзінде ата-аналар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Тілшіміз жалғастырады.
РКС: Шаһар тұрғыны Татьяна Кучерявенко - екі баланың анасы. Биыл оның үлкен ұлы Гагарин атындағы балабақшаны тәмамдаған. Кіші ұлын да осы балабақшаға беруді жоспарлаған еді. Алайда жаңа ваучерлік жүйе бойынша бұл мүмкіндікке кепіл жоқ. Айтуынша, қазіргі жүйе әлі де жетілдіруді қажет етеді.
СНХ: ТАТЬЯНА КУЧЕРЯВЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өте ыңғайсыз. Ваучерді қашан алатынымыз белгісіз. Одан бөлек, оны қалай рәсімдеу керектігін де білмейміз. Ал ваучерді пайдалану үшін бар болғаны екі тәулік беріледі. Егер қалаған балабақшада орын болмаса, баланы тіркеу үшін кез келген мекемені таңдауға мәжбүр боламыз. Бұл жағдайда ата-ананың өз бетінше шешім қабылдауы өте қиын. Сондықтан бұл жүйені жетілдіру қажет.
РКС: Ал ваучер арқылы ұсынылған балабақша ата-ана таңдауы сәйкес келмеген жағдайда, баланы басқа мектепке дейінгі ұйымға ауыстыру кезегіне қоюға болады. Қалаған балабақшада орын пайда болған жағдайда, бала автоматты түрде сол мекемеге ауыстырылады.
СНХ: ЕЛЕНА БАРКОВА, «ДОСТЫҚ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Ваучерлік жүйе арқылы баланы бір балабақшадан екіншісіне ауыстыруға мүмкіндік бар. Ата-аналар «Aqmola.kz» платформасына кіріп, өздері қалаған балабақшаға кезекке тұра алады.
РКС: Дегенмен, білім басқармасы бұл жүйенің артықшылығын алға тартады.
СНХ: ӘДІЛЕТ СЕМБИ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Бұрын таңғы жетіде белгілі бір балабақшаларда орындар ашылып, ата-аналар сол орынды үлгеріп алуға тырысатын. Қазіргі пилоттық жоба аясында бәрі ашық түрде жүргізіледі. Барлық ақпарат сайтта көрсетіледі. Әр ата-ана өз кезегін күн сайын немесе тіпті сағат сайын бақылай алады.
РКС: Бүгінде аймақта 283 балабақша бар. Шамамен 33 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Жыл басынан бері 7 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 347 қосымша орын пайдалануға берілді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ