ДИКТОР: Елде «Қазақстанда жасалған» жеңілдетілген ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бағдарламасына өтінім қабылдау жанданды. Бұл бағдарлама аграршыларға техника паркін жаңартып, отандық өндірістегі машиналарды тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді. Қабылданып жатқан шаралар Қазақстанның машина жасау саласын қолдауға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған. Бұл қаржыландыру тетігінің қалай жұмыс істейтіні туралы тілші баяндайды.
РКС: «Шаңырақ Р» серіктестігі Есіл ауданында дәнді, майлы және бұршақты дақылдарды өсірумен айналысады. Олар 53 мың гектар жерді өңдейді. Көктемгі егіс жұмыстары сәтті жүргізілді. Қазір кәсіпорын күзгі егін жинау науқанына дайындықты бастап кеткен. Биыл кәсіпорын автопаркін жаңартты. Қостанайда құрастырылған жаңа тіркемелерды сатып алуға қажетті қаражатқа жеңілдетілген шарттар арқылы қол жеткізілді.
СНХ: УӘЛИ РАХМЕТОВ, «ШАҢЫРАК Р» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Менің ойымша, бұл өте қолайлы техника. Біріншіден, ол қазір Қазақстанда қолжетімді. Сонымен қатар, қазіргі бағдарлама бойынша субсидиялар тікелей «ҚазАгроҚаржы» ұйымына түседі. Біз үшін тиімді жағы төлемдік жеңілдік кезеңінің болуы. Келесі негізгі қарыз төлемі осы техникаға берілетін «Made in Kazakhstan» субсидиялары есебінен өтеледі. Бұдан бөлек, биыл біз тырмалар мен екі тазалау соқасын да сатып алдық.
РКС:Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы 200 ақмолалық аграршы қаржыландыруға қол жеткізді. Қайта іске қосылған «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы қолжетімді құралдың бірі. Бұл бағдарлама аясында фермерлер отандық техниканы лизингке 10 жылға дейін 6% жылдық мөлшерлемемен ала алады. Сонымен қатар, бастапқы жарна ретінде кемінде 15% төлеу талап етіледі.
СНХ: РУСЛАН КӘКЕНОВ, «ҚАЗАГРОҚАРЖЫ» АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ НЕСИЕ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы 1 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қолданыстағы қарыз алушылардың несиелерін қайтару барысында түскен қаражат жинақталып, жаңа қарыз алушыларға қайта бөлінеді. Негізгі басымдық отандық құрастыруға беріледі. Яғни Қазақстанда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасы лизингке ұсынылады. Бағдарламаны негізінен ауыл шаруашылығымен және мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар пайдаланады. Олар көбіне серіктестіктер, шаруа қожалықтары түрінде болады. Сондай-ақ, ұзақ мерзімді негізде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер де жүгінуге құқылы.
РКС: Айта кетейік, бағдарламаға қатысуға өтінімді арнайы Telegram бот арқылы беруге болады. Одан кейін аграршыларға барлық құжатты толықтырып, «ҚазАгроҚаржыға» тапсыру үшін 5 жұмыс күні беріледі. Биыл республика бойынша техникаға арналған жеңілдетілген қаржыландыруға жалпы 400 миллиард теңге бөлінеді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қолдаудың арқасында еліміздің машина-трактор паркі Қазақстанда құрастырылған 12 мың техникамен толықтырылады деген болжам бар.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ