ДИКТОР: Облыс тұрғынынан құны шамамен 30 миллион теңге болатын синтетикалық есірткі партиясы тәркіленді. Тәртіп сақшылары тыйым салынған заттарды ірі көлемде таратумен айналысқан адамның заңсыз әрекетінің жолын кесті. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ер адамды Көкшетауда қолға түсірді. Анықталғанындай, Ақмола облысының 47 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткі заттарын сақтап, оларды өткізуді көздеп, бөлшектеп қаптаумен айналысқан.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: Жедел-іздестіру шараларының нәтижелерінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері күдіктіні облыс орталығының аумағында ұстады. Автокөлікті тінту кезінде психотроптық зат салынған екі полиэтелен пакет табылып, тәркіленді. Кейінгі тергеу әрекеттері барысында күдіктінің Көкшетауға синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол есірткіні шағын дозаларға бөліп, әрі қарай тарату үшін курьерлерге беруді жоспарлаған. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстың барлық мән-жайы және күдіктінің ықтимал сыбайластары анықталуда.