ДИКТОР: Тағам өнімдерінің фальсификаты көзге көріне бермейді. Бірақ оның зардабы ауыр. Себебі таразы басында – адам денсаулығы мен өмірі тұр. Соңғы уақытта еліміз бойынша азық-түлік базарларындағы заң бұзушылықтар туралы ақпараттар жиі жариялануда. Әсіресе ет өнімдерін өткізу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы, сауда орындарының санитарлық жағдайының төмендігі, сондай-ақ тұтынушылардың қауіпсіздігіне қатысты өзге де мәселелер қоғамның алаңдаушылығын туғызып отыр.
РКС: Нарықта өзге мемлекеттерден жеткізілетін азық-түлік өнімдеріне қатысты бақылау да күшейтілген. Сырттан әкелінетін өнімдердің барлығы бірдей белгіленген қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкес келе бермейтіні белгілі.
STAND-UP: ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТІЛШІ: Қазақстан нарығына жұмыртқа Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Ресей бұл өнімді елімізге импорттайтын негізгі мемлекеттің бірі. Соңғы кезде импортталған жұмыртқаның сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар жиілеп, тұтынушылар мен кәсіпкерлердің алаңдаушылығын тудыруда. Құзырлы органдар өнімнің сапасын жіті бақылауға алған.
СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізге қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауық жұмыртқалары әкелініп, сатылымға шығарылуда. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, еліміздің жекелеген өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және өзге де өңірлерде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де анықталуда. Мемлекеттік органдар республика бойынша базарлар мен сауда нысандарына тексерулер жүргізіп жатыр. Бүгінде Ақмола облысының аумағында аталған өнім, яғни заңсыз әкелінген оның өнім анықталған жоқ.
РКС: Көкшетау базарларында сатылатын ет өнімдері негізінен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына қарасты ауыл-аймақтардан жеткізіледі. Табиғи жағдайда өсірілген малдың еті жергілікті тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Ет сататын павильондар арнайы тоңазытқыш құрылғыларымен жабдықталған. Өнімдер белгіленген температуралық режимде сақталып, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
СНХ: ҚАНАТ КҮДЕРИН, «БОТАЙ DEVELOPMENT» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ: Базар аумағында ветеринарлық зертхана жұмыс істейді. Ет тиісті тексеруден өткізілгеннен кейін ғана сөреге шығарылады. Барлық жеке кәсіпкерлер заңнамаға сәйкес тіркелген, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындайды, тиісті тексерулерден өтеді және қажетті құжаттарына толықтай ие. Әкелінген мал еті күн сайын тексеруден өтеді. Тұтынушылардың көңілінен шығып отыр, тұрақты сатып алушылар да бар. Көріп тұрғандарыңыздай, барлық ет өнімінде баға көрсетілген, яғни баға бақылауда. Сатылатын ет өнімдері сапа талаптарына толық сәйкес келеді.
РКС: Былтыр Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 22 мыңнан астам өнім үлгісін тексерген. Зерттелген өнімдердің 17 проценті қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеген. Алаңдатарлығы, талапқа сай келмеген өнімдердің 74 пайызы импортталған тауар болып шықты.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ