ДИКТОР: Театр репертуарында түрлі тақырыпты арқау еткен қойылымдар аз емес. Әр туынды көрерменді ойландырып, өмірдің сан қырлы мәселелеріне тереңірек үңілуге жетелейді. Бірі рухани құндылықтарды дәріптесе, енді бірі отбасы институтының маңызы мен адам бойындағы адалдық, жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді насихаттайды. Бұл жолғы қойылымның өзегі де осы тақырыптарға негізделген.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қойылым жазушы Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасының желісі бойынша сахналанған. Оқиға жол апатына себепкер болған жалғыз ұлын жауапкершіліктен арашалап қалуға тырысқан ерлі-зайыптылардың төңірегінде өрбиді. Баласы үшін бәріне дайын ата-ананың әрекеті отбасының шаңырағын шайқалтады. Материалдық мүдде мен аман қалуды көздеген әрекеттердің соңы рухани күйреуге алып келеді.
СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі қойылым бүгінгі қоғамның ащы шындығы мен айнасы. Мұнда парақорлық пен жемқорлықтың бір отбасын қалай тасталқан еткені туралы көрсетіледі. Ұлын түрмеден құтқару үшін заңды аттап, пара іздеген ата-ананың әрекеті үлкен қасіретке әкеледі. Шығарма жемқорлық бар жерде бақыт та, береке де болмайтынын ашық айтады. Театр үлкен тәрбие құралы. Бұл қойылымды көрген әрбір адам заң бұзудың пара берудің арты орны толмас өкініш екенін түсінеді. Жемқорлықтың алдын алу тек заңмен жазалау емес, адамның ішкі мәдениетін, адалдық қасиетін ояту. Мемлекеттік қызметшілерге осы спектакльді ұсынып, көрсетіп жатырмыз. Кез-келген қиындықта арымызды таза сақтауға, парасатты болуға шақырады деп сенеміз. Былтырғы жылы президенттің жарлығымен сыбайлас жемқорлық агенттігін бөліп, соның негізгі функцияларымен бөліктерін бізге берген. Осы мақсатта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын адалдықты ояту мақсатында осы шараларды ұйымдастырып отырмыз.
РКС: Жемқорлық пен парақорлық сияқты қоғам дертімен қатар отбасы тәрбиесінің күрделі қыры қатар өріледі. Оқиғаның шиеленіскен тұсында отбасының берекесін сақтау үшін әйел ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болады. Тығырыққа тірелген сәтте ол «тендерге түсіп», өз тағдырын да, отбасылық тепе-теңдікті де құрбан етеді. Бұл сырттай шешім сияқты көрінгенімен, ішкі жағынан үлкен қасіретке әкеліп соғады. Шығарма көрерменді «баланы құтқару үшін жасалатын әрекеттің шегі қайда жатыр?» деген күрделі сауал төңірегінде ойлануға жетелейді.
СНХ: МӘРИЯМ БАБЫР, КӨРЕРМЕН: Ана өз баласы үшін бәріне дайын, бірақ та бұл адам өмірімен байланысты бір оқиғаға тап болғанда, бәрібір ана өз баласы үшін, оның жарқын болашағы үшін бәріне барады. Осы оқиға бізді адамдық қасиеттерге үйретеді, шындық пен адалдық жолында жүру керек. Осы оқиғада бала теріс жолға түскенде, ата-анасы оны осы теріс жолдан шығару үшін жасай алатынын жасайды. Оның бәрі болмау үшін алдымен баланың тәрбиесімен айналысу керек. Осы оқиғада біз оны түсініп, болашақта ондай қателіктерді жасамауға тырысамыз. Парақорлық, заңға қайшы келу мәселелерімен бірге отбасылық құндылық мәселесі де болды. Маған өте ұнады. Адам өмірінде отбасы өзгеше орын алатын, өмірдің басты бөлігі. Осыны актерлер керемет суреттеді. Әйел адамның өміріндегі қиындықты өте жақсы суреттеді.
РКС: Көрермендердің басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер. Қойылымды 300-ге жуық адам тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарына дейін, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығында жүргізілді. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар 45 мыңнан астам азаматты қамтыды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ