ДИКТОР: Бүгін облыстық Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі Smart Qaz IT жобалар байқауы өтті. Аталған байқау қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ қазақ тілін өздігінен үйренуге, жазуға, сөйлеуге мүмкіндік беретін заманауи IT жобаларды анықтайды.
РКС: Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған Smart Qaz байқауы қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктерін арттыруға және инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған. Байқауға жеке қатысушылар мен командалардан жалпы 12 өтінім қабылданды. Оның ішінде 7 жеке қатысушы және 5 команда өз жобаларын ұсынды.
СНХ: МӨЛДІР ДЕМЕУОВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Бұл байқаудың ерекшелігі байқау қатысушыларының жас шектеуі жоқ. Бұл жерде мектеп оқушыларынан бастап, мектепте, жоғары оқу орындарында, колледждерде жұмыс істейтін информатика пәнінің мұғалімдері, бағдарламашылар және IT саласының мамандары бар. Байқауға келіп түскен жобаларды қазір өзектілігі тұрғысынан, жаңашылдығы тұрғысынан, практикалық тұрғысынан бағалап саралаудамыз. Жалпы байқау жыл сайын Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының бастамасымен өткізіледі.
РКС: Байқауда ерекше жобасымен көзге түскен қатысушының бірі - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Нұржігіт Рәшитов. Ол қазылар алқасына «QazMura» жобасын таныстырып, нәтижесінде байқауда бірінші орынға ие болды. «QazMura» мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ шетелде жүрген қазақ азаматтарына арналған заманауи білім беру платформасы. Сайт негізінде жұмыс істейтін жоба қазақ тілін үйренуге, дамытуға және ұлттық мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған.
СНХ: НҰРЖІГІТ РӘШИТОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: Өзім қазақ тілін жақсы білгенімнен басқаларға да өзімнің пайдамын тигізгім келеді. Сол себепті осы жоба менің алғашқы идеялардың бірі болған. Сайтты құрастыруға менде екі ай көлемінде уақыт кетті. Яғни бұл жерде сайттың негізгі ерекшеліктері, ол бізде Қазақстанның батырлары қамтылған ертегілер жүйесі, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және қазақ тілін үйренгісі келетін адамдар үшін әліппе жүйесі бар.
РКС: Байқаудың ең жас қатысушылары Красный Яр ауылы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушылары, ағайынды Ерасыл мен Ақназар Қалман. Жас та болса, тың идея ұсынып, көпшіліктің назарын өздеріне аудара білді. Олар байқауға мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған «Qaz Balapan» жобасын таныстырды. Қазылар алқасы жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңызын жоғары бағалап, ағайынды қатысушыларға байқаудың екінші орнын табыстады.
СНХ: ЕРАСЫЛ ҚАЛМАН, «QAZ BALAPAN» КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Біз осы жобаға 3 ай дайындалдық және осы жобамызда кеткен қателіктерімізді өзіміздің жетекші ағайымызбен қайталап дұрыстадық. Біз осы жобаға «Qaz balapan» жобасының платформасын алып келдік. Бұл платформа кішкентай балаларға, балабақшаларға сабақты жақсы оқуға үйретеді. Оның ішінде мәтін, сөз, әріптер, сандаи, санамақтар және сұрақтар бар. Және оның ішінде шағын тесттер бар. Сол шағын тесттер арқылы балалар оқуға жазуға үйренеді. Қазір мектептерде балабақшаларда оқыту дәстүрлі форматта өтеді. Сондықтан балапандарға өте қызықсыз болады. Ал IT арқылы біз «Qaz balapanды» безендірдік. Сондықтан бұд күшті көрінеді,балалар сабақты қызығып оқиды.
РКС: Үшінші орынға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері Дәлел Жексембай мен Валерия Бутерус және Көкшетау қаласы №7 мектебінің мұғалімі Олжас Шәріпов лайық деп танылды. Ал Щучинск жоғары техникалық колледждің оқытушысы Андрей Тукубаев Smart Qaz IT жобасының бас жүлдегері атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ