ДИКТОР: Биылғы жылдың алғашқы бес айында Шортанды ауданының экономикасына 9,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,2 пайыз артық. Инвестициялардың 80 проценттен астамы кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етілген.

РКС: Қазір аудан аумағында 30 миллиард теңгеден асатын инвестициялық 19 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Жолымбет ауылындағы алтын өндіру кәсіпорнын жаңғырту, кірпіш зауыттарын салу, орман көшеттерін өсіретін тәлімбақтарды дамыту, сондай-ақ минералды су мен жеміс шырындарын өндіретін кәсіпорын ашу жобалары бар.

СНХ: САҒЫНДЫҚ ШАБАРОВ, ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жолымбет кентінде орналасқан «Алтыналмас» акционерлік қоғамы 2026–2027 жылдары жалпы көлемі 23 миллиард теңгеден асатын инвестиция салуды жоспарлап отыр. Оның аясында «Глубокая» шахтасының жерүсті және жерасты кешендері салынады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың екінші жартысында басталады. Сонымен қатар «Оңтүстік Жолымбет» карьерінен дренаждық су жиналатын тоғанға дейін инженерлік желілер мен автожол салу да осы кезеңде қолға алынады.

РКС: Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтады. Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір әлеуметтік осал топ санатына жататын азаматтарға арналған 36 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі саласының бірі. Биыл 248 мың гектар алқапқа дән сіңіру жұмысы сәтті аяқталды. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда майлы дақылдардың көлемі 33 мың гектарға ұлғайды.

СНХ: САҒЫНДЫҚ ШАБАРОВ, ШОРТАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Шағын және орта бизнес өкілдерінің саны көбейіп келеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 20 данаға көбейген. Оның ішінде 146 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 20-ға жуық жаңа шағын және орта бизнес ашылуға барлық мүмкіндік бар. Сондай мақсат қойып отырмыз. Және 150-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

РКС: Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда 23 мектеп пен 12 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Жазғы кезеңде мыңнан астам оқушының демалысы мен бос уақыты тиімді ұйымдастырылады. Жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру нысандары жөнделіп, қазандықтар жаңартылуда. Ауданның денсаулық сақтау саласына жаңа мамандар келді. Ауылды жерлерде төрт медициналық нысан пайдалануға берілді. Аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңа медициналық орталық пен Бубновский орталығы жұмысын бастады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ