ДИКТОР: Бүгін елмен етене жұмыс істейтін мамандардың төл мерекесі - мемлекеттік қызметшілер күні. Атаулы күнге орай Көкшетауда салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандар ант беріп, көп жылғы мінсіз еңбегімен ерекшеленген үздік қызметкерлер марапатталды. Айта кетейік бүгінде аймақта 3 мыңға жуық адам мемлекеттік қызметте еңбек етеді.
РКС: Мемлекеттік қызмет - ел дамуының маңызды тетігі. Соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар реформалар жүзеге асырылды. «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат» қағидаттары жаңа басқару мәдениетінің негізіне айналды. Бүгінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын бұл салаға жоғары талап пен зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мерекелік жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова барша мемлекеттік қызметшіні кәсіби мерекемен құттықтап, ел дамуы мен қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала өкілдерінің еңбегін айырықша атап өтті.
СНХ: АЛТЫНАЙ ӘМІРЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекеттік қызметті таңдаған адамдар үлкен құрметке лайық. Өйткені оларға бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты мен болашағы үшін зор жауапкершілік жүктелген. Бүгінгі таңда мемлекеттік аппарат Конституциялық реформаларға негізделген ауқымды өзгерістер жағдайында жұмыс жүргізуде. Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанды құрудың, заң үстемдігі қағидаттарын, азаматтардың құқықтарын қорғаудың, нығайтудың және мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырудың маңызды кезеңі.
РКС: Бүгінде аймақта 3 мыңға жуық адам мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Оның - 2 мыңға жуығы әйел азаматтар. Айнагүл Жанәділова - салада ширек ғасырдан астам еңбек етіп келеді. Көп жылғы адал еңбегі үшін бүгін «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АЙНАГҮЛ ЖАНӘДІЛОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ: Бүгін мен үшін және менің отбасым үшін ерекше күн. Осыдан 30 жыл бұрын мемлекеттік қызметтің сипаты мүлде өзгеше еді. Халық пен мемлекетке қызмет етуден асқан абыройлы міндет жоқ деп санаймын. Еңбегі еленіп, марапатқа ие болған барлық әріптестерім үшін қуаныштымын. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын!
РКС: Мемлекеттік қызметке ынталы жастардың қатары да артып келеді. Қазір салада 1 мыңға жуық жас маман еңбек етеді.Шара барысында мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан 8 жас маман салтанатты түрде адал еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуге ант берді.
СНХ: АЛТЫНАЙ ЕГІНБАЙ, ЖАС МАМАН: Бүгін мен үшін ерекше әрі жауапты күн. Себебі мен бүгін ант қабылдап жатырмын. Ант қабылдап, Қазақстан халқына адал, ел игілігі үшін қызмет етуге тырысамын.
РКС: Сонымен қатар, 15 жылдан астам мінсіз еңбегі үшін бір топ азамат «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды. Бұған қоса, бірқатар маманға Ақмола облысы әкімінің және департамент басшылығының Алғыс хаттары табысталды. Шара мерекелік концетпен түйінделді.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ/ АҚМОЛА АПТА