ДИКТОР: Кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін жаңалық. Елімізде қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдау басталды. Бағдарлама аясында тұрғындар өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға қаржылай қолдау ала алады. Өтінімдер Business.Enbek.kz порталы арқылы онлайн қабылданады.

РКС: Биыл берілетін грант көлемі 1 миллион 730 мың теңгеге тең. Қаражат жеке кәсіп ашуға және оны дамытуға бағытталады. Өтінім беру толық электронды форматта жүзеге асырылады. Алғашқы лекке құжат қабылдау 24 маусым мен 8 шілде аралығында өтеді.

СНХ: АЛЕКСАНДР СОЛОДКА, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ҰТҚЫРЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағдарламаға ресми тіркелген жұмыссыздар мен бір жылдан аспайтын мерзім бұрын тіркелген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар үміткер көпбалалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар азамат, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана, асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушы, аз қамтылған отбасы өкілі, қандас немесе қоныс аударушы санаттарының біріне жатуы қажет.

РКС: Грант қаражатына кәсіп жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен инвентарь сатып алуға, мал, құс, тұқым және көшет алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ғимаратты жалға алуға болады. Былтыр аймақта 216 азамат мемлекеттік қолдауға ие болған. Көпбалалы ана - Әсемгүл Сариева грант қаражатына массаж студиясын ашып, бүгінде өз кәсібін табысты дөңгелетіп отыр. 

СНХ: ӘСЕМГҮЛ САРИЕВА, КӘСІПКЕР:

Көп жыл медицина саласында жұмыс істедім. Кейін әйелдер денсаулығына бағытталған массаж бағытын дамытуды қолға алдым. Біз жатырдың төмен түсуі, бедеулік, түсік тастау мәселелері бар әйелдермен жұмыс істейміз.Сондай-ақ жасөспірімдер мен балаларға да қызмет көрсетеміз. Мен көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматты оқытып шығардым. Қазір ол ер адамдарға массаж қызметін көрсетеді.


РКС: Биыл өңірде бастамашыл азаматтарды қолдау мақсатында 270 грант беру жоспарланған. Айта кету керек, қаржылай көмек бір рет қана ұсынылады. Сондықтан қатысушылар қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдалануы тиіс. Грантқа ие болу үшін үміткерлер алдымен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудан өтіп, сертификат алуы тиіс. Бұдан соң портал арқылы өтінім беріп, комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғайды. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ