ДИКТОР: Щучинск қаласында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны жалғасып жатыр. Мінездің мықтылығын сынға салып, әскери дайындық деңгейін айқындап, үздіктер қатарынан көрінуге ұмтылған Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген мыңға жуық ұл-қыз «Амандық» оқу полигонында бас қосты. Бес күнге созылатын іс-шарада қатысушылар түрлі сынақтардан өтіп, әскери-спорттық бағыттағы қабілеттерін жан-жақты танытуда.

РКС: Соңғы жылдары «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастарды отансүйгіштікке баулудың ең ірі әрі маңызды алаңдарының біріне айналды. Биылғы додаға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген командалар қатысуда. 

СНХ: ӘЖІБЕК РЫСҚҰЛОВ, «АЙБЫН-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/: Мен - Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Дайыр Асанов атындағы Қырғыз ұлттық әскери лицейінің тәрбиеленушісімін. Біз Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласынан келдік. Мұнда бізді өте жылы қарсы алды. «Айбын-2026» жиынына дайындық та өте жоғары деңгейде жүргізілді. Себебі біз бұл додаға алғаш рет қатысып отырмыз. Сондықтан өз еліміздің намысын абыроймен қорғап, жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімізді саламыз

СНХ: ҚАЙСАР ОТАУБАЙ, «АЙБЫН-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ /ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ/: «Айбын» әскери патриоттық жиыны бізге не береді? Бізге жаңа орта, жақсы ортаны қалыптастырады. Және сонымен қатар патриотизмді оятады. Болашақ буынға өз мамандығын табуға үлкен үлес қосады.

РКС: Жиын бағдарламасы 13 байқау бағытын қамтиды. Олардың қатарында әскери-қолданбалы кросс, эстафеталар, оқ ату жарыстары, кермеде тартылу, зияткерлік сайыстар мен шығармашылық байқаулар бар. Дәстүрлі жарыстармен қатар қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынауда. Бағдарламаға садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақ енгізілген. Мұндай сайыстар жастардың дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді тереңірек тануына мүмкіндік береді, - дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: АСҚАР МҰСТАБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл енді жарыстық сайыс қана болмайды. Басқа да мәдениетті, өзіміздің мемлекетіміздің тарихын көрсететін іс-шаралар да, басқа мемлекеттен келген сондай шаралар ұйымдастырылады. Ең бастысы, шараның маңызы салауатты, білімді, Отанына адал қызмет ететін жас патриот жасөспірімдер тәрбиелеу болып саналады.

РКС: Жиынның алғашқы күндерінде қатысушылар еліміздің тарихы мен заңнамасына арналған зияткерлік сайыстарда өз білімін жан-жақты көрсетті. Сонымен қатар, олар робототехника мен инженерлік технологиялар бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды. Алдағы күндері жарыстың ең тартысты әрі шешуші кезеңдері өтеді. Бұнда үздік командалар анықталады. Жеңімпаздардың есімдері 26 маусым күні белгілі болады.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ