ДИКТОР: Қоғамдық кеңес мүшелері өз құқықтары мен міндеттерін қаншалықты біледі? Бүгін осы өзекті мәселе талқыланған оқыту семинары өтті. Іс-шара қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттырып, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. 

РКС: Іс-шара барысында қоғамдық кеңестер мүшелеріне «Қоғамдық бақылау туралы» заңның негізгі тетіктері түсіндірілді. Жалпы, бұл әлеуметтік жоба қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіруге және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. 

СНХ: САМИРА ТАЙТЕНОВА, «БЕЛЫЙ БЛОГГЕР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Семинар аясында бірінші бөлім теориялық нұсқаулықтар. Яғни бүгінгі таңда заңнамалық қандай өзгерістер барын және де оны тиісті деңгейде дұрыс алгоритммен мысалы қоғамдық бақылауды қалай жүзеге асыруға болады, және де мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасты қалай жасауға болады, соны жеткізуге тырыстық. Және де практикалық бөлім. Бізде он шешім тапқан шешімдер бар, жалпы ұсыныстар қоғамдық кеңестердің атынан оны жеткізіп, және де әрбір Ақмола облысындағы қала, аудан, ауылдық округтеріндегі мәселелерді шешуге бағытталған қандай ұсыныстар болғанын және де барлық мүшелерге жеткізу, болашақтағы осы жылдың соңына дейін қандай жобаларды жүзеге асыруға болатынын жеткіземіз.

РКС: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамдық бақылаудың маңызы артып келеді. Осыған орай жиында мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестердің бірлескен жұмысының тетіктері, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына қоғамдық бақылауды күшейтуге басымдық берілді,-дейді сарапшылар. 

СНХ: АМАНЖОЛ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Қоғамдық кеңестер қызметінің заңнамалық негізі бар. Атап айтқанда, қоғамдық бақылау туралы заң қоғамдық бақылауды тиімді әрі заңды деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетіктерді қарастырады. Көкшетауда бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық кеңестердің қатысуымен белсенді түрде жалғасуда. Сонымен қатар, облыс аудандарындағы қоғамдық кеңестермен бірлесіп әлеуметтік нысандардың құрылысына, сумен жабдықтау саласына, күрделі жөндеу жұмыстарына, жол құрылысы мен жөндеуіне, сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерге мониторинг жүргізу жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғам өкілдері мемлекеттік қызметшілердің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді қарастыратын Әдеп жөніндегі кеңестің құрамына енгізілген. Сондықтан қоғамның және үкіметтік емес ұйымдардың рөлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мен олардың профилактикасында ерекше маңызға ие.

РКС: Бұдан бөлек қоғамдық кеңес мүшелерінің қызметінің құқықтық негіздері мен өкілеттіктері, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар мұндай кездесулер қоғамдық бақылауды күшейтіп, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыратынын атап өтті.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ