ДИКТОР. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму» атты Қазақстан кітапханашылар Одағының көшпелі отырысы өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға еліміздің түпкір-түпкірінен рухани орда басшылары мен қызметкерлері жиналды. Олар екі күнге жалғасатын жиын барысында кітапхана жұмысын жаһандық үдеріске ілестіру, кітап пен технологияны ұштастыру арқылы кәсіби мамандардың жаңа толқынын тәрбиелеп шығару тақырыбында пікір алмасады. Бұл күні кітапхана саласына саналы ғұмырын арнаған жандар марапатталды.
РКС: Қазақстан кітапханашылар Одағының көшпелі отырысы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылғанына 80 жыл толуына орайластырылған. Рухани орданың кіре берісінен бастап, ғимараттың әр қабатының дәлізінде тарихи құжаттар мен кітапханашылар тұтынған көне заттар көрмесі орын теуіпті. Кітапхана – қоғамның интеллектуалдық капиталы қалыптасатын маңызды орта. Мемлекет басшысы өзінің Жарлығында «Зерделі ұлт болу үшін білім мен кітапқа деген құрмет жоғары болуы тиіс» деген талап қойған болатын. Бүгінгі шара осы тапсырманы негізге алып отыр.
СНХ: АЙЗАДА ҚҰРМАНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біз бүгін кітапханашылармен кәсіби алаңда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бойынша, кітапханаларда цифрлық сервисті дамыту, кітапхана саласы бойынша заңнамалық реформалар жөнінде мәселелерді талқылаймыз. Қазіргі кезде кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес,ақпаратқа қол жетімділікті, білімге, инновациялар орталығы болып жатыр.
СНХ: КҮМІС СЕЙІТОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің ұлттық кітапханада 900 орын бар. Орын күніге бос болмайды. оның көпшілігі жастар, егер Қазақстан бойынша кітапханаларға келетіндер санының 51 пайызы жастар болса, нақты біздің кітапханада 70 пайызға дейін жетеді. бұл біздің жастардың тарихи-мәдени мұраға, әдебиетімізге қызығушылығы мол дегенді білдіреді.
РКС: Кітапханашылар қауымы қоғамдағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр. Өйткені оқырманға жол көрсету, кітапқа деген қызығушылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау – үлкен жауапкершілік пен адал еңбекті талап ететін игілікті іс.Бүгінгі басқосу жаңа бастамаларға серпін беріп, кәсіби ынтымақтастықты нығайтып, кітапхана ісінің дамуына тың идеялар әкеледі,- деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова. Көшпелі отырыстың салтанатты ашылу рәсімінде марапат та да көп болды. Бұл күні Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бірнеше қызметкеріне «Үздік кітапханашы» төс белгісі, Ұлттық кітапхана басшысының алғыс хаттары табыс етілді. Кітапханаға Қазақстан Кітапханалар Одағының атынан көпфункционалды құрылғы табысталды. Айнұр Өтебаеваның Мағжан атындағы кітапханада жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл. Осы саланың майталманы десе де болады. Бүгін ол «Кітапхана саласының ардагері» төс белгісіне ие болып, мерейленді.
СНХ: АЙНҰР ӨТЕБАЕВА, М. ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Тұлға болып қалыптасу үшін әрине кітап оқу керек. Кітапханашы мамандығы өзіме ұнайды. Басында кітапханаға келгенде жай ғана кітапты алып, оқырманға беріп отырады деп, кітапханашы мамандығының статусы, ой-өрісі, деңгейі кеңейді. Жаңа технологиялардың дамуына байланысты цифрлық технологияларды меңгеріп жатырмыз. Оқырмандарға қалтқысыз қызмет етеміз.
РКС: Енді бұдан былай «Жылдың ең үздік» оқырманы акциясы жыл сайын өткізіледі. Сондай-ақ жемісті еңбектенген бір кітапхана жыл сайын ұлттық сыйлыққа ұсынылады. Ашық мультимедиялық кеңістік хабтары көбейіп, зерделі ұлт концепциясына қатысты дағдылар жүзеге асырылмақ.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ