ДИКТОР: Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 22 пайызға артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 260 миллиард теңгені құрады. Оң өсім қарқынына Ақмола облысы да өз үлесін қосып отыр. Өңір индустриясының негізін тау-кен өндірісі, машина жасау және химия салалары құрайды. Соған қарамастан, облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі бүгінде 2 пайызға жуықтады.

РКС: Көкшетаудағы тігін фабрикасы өндірістік кәсіпорындарға арналған арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Соңғы бір жылда кәсіпорын өндіріс көлемін 20 пайызға арттырды. Бұл жетістікке өндірістік цехтарды жаңғырту мен «Даму қоры» бағдарламалары аясында көрсетілген қолдау серпін берді. Бүгінде фабрикада 70 адам еңбек етеді. Өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында компания енді Шымкент қаласында жаңа өндірістік алаң іске қосуды жоспарлап отыр.

СНХ: ВАЛЕРИЯ ЛЮБОВИЦКАЯ, ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОР: Бүгінде біз арнайы мамандандырылған жаңа жабдықтарды сатып алу көлемін белсенді түрде арттырып келеміз. Соның арқасында қызметкерлерге бұл құрал-жабдықтармен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдеп, өндіріс үдерісі айтарлықтай жеделдеді. Атап айтқанда, тілік қалта мен жапсырма қалта тігетін автоматтандырылған машиналарды пайдаланып отырмыз. Бұл жабдықтар қалталарды автоматты түрде тігуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде өндіріс жылдамдығы бес есеге дейін артып, еңбек өнімділігі едәуір жоғарылады.

РКС: Жыл басынан бері өңірдегі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 5 миллиард теңгеден астам өнім өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Өсімнің негізгі үлесін тоқыма өнеркәсібі қамтамасыз етті.

СНХ: АСХАТ АХМЕДЬЯНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өнеркәсіп көлемі айтарлықтай өсті. Шағын және орта бизнес те дамып келеді. Жалпы, біздің негізгі бағдарымыз астанаға бағытталған. Сұраныс бар. Бұл жеңіл өнеркәсіп көлемінің өсіп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ жұмыс орындарының саны да артып келеді.

РКС: Бүгінде өңірде жеңіл өнеркәсіп саласында шамамен 17 кәсіпорын жұмыс істейді. Даму қарқынын сақтап, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін мақтаны терең өңдеуге басымдық берілуде. Мамандардың айтуынша, бір тонна талшықтан 1500-ға дейін дайын өнім шығаруға болады. Шикізатты ел ішінде өңдеу оны экспорттағаннан әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар, алдағы уақытта өзіміздің синтетикалық талшық өндірісін ұлғайту жоспарланып отыр.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ