ДИКТОР: Енді еліміздің інжу-маржаны саналатын көрікті Бурабайға сапарлаған қонақтарды жаңарған теміржол вокзалы қарсы алмақ. Араға бір жыл салмай модернизациядан өткен «Бурабай курорты» сапаржайы бүгін салтанатты түрде ашылды. Нысан тарихи келбеті сақтала отырып, заманауи талаптарға сай жаңартылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов және Көлік министрлігінің өкілдері қатысты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мұндағы теміржол қатынасының тарихы сонау 20-шы жылдардан бастау алады. 1927 жылы теміржол желісі «Бурабай курорты» станциясына дейін жетіп, өңірдегі туризм мен экономиканың дамуына тың серпін берген. Кейін бұл станция Солтүстік Қазақстандағы ірі теміржол тораптарының біріне айналды. 1988 жылы салынған вокзалға соңғы күрделі жөндеу осыдан 15 жыл бұрын жүргізілген. Жаңғырту аясында ғимараттың аумағы кеңейтіліп, инженерлік желілері жаңартылды. Вокзалдың маңайы абаттандырылып, перронға да жөндеу жүргізілген.
СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына сай келетін заманауи көлік нысаны құрылды. Вокзалдың ашылуы мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру нәтижесінде мүмкін болды.
РКС: Жаңғырту барысында шынымен де жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Вокзалда ана мен бала бөлмесі, демалыс бөлмелері жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қажетті жағдай қарастырылып, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа жиһаздар орнатылған.
СНХ: БӨКЕНБАЙ ЖАДЫРАСИНОВ, «БУРАБАЙ КУРОРТЫ» СТАНЦИЯСЫ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ана мен баланың комнатасы бар. Ішінде не керек соның барлығы кіргізілген. Бүкіл жағдайлары жасалған. Жылу су, жуынатын жерлері бар. Тамақ әзірлейтін жерлері бар. Сосын мүмкіндігі шектеулі кісілерге отдельный комната істелді. Бүкіл жағдайымен. 3-ші этажда да комната істелді. Бұрын бір-ақ комната болатын.
РКС: «Бурабай курорты» сапаржайы күніне 2 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Ал жазғы маусымда бұл көрсеткіш бірнеше есе артады. Жыл сайын мұнда бір жарым миллионнан астам турист келеді. Енді заманауи нысан курортық аймақтың мәртебесіне сай, туристердің артуына да серпін бермек.
СНХ: ДАНА КОЛЛИНЗ, ТУРИСТ: Мен Аустралиядан келдім. Қазақстанға алғаш рет сапарлап отырмын. Табиғаты көркем Бурабай өңірін көру үшін арнайы келдім. Бурабай туралы көп естіген едім. Бірақ өз көзімен көріп кеткенге не жетсін. Табиғаты расында да таңғажайып екен. Керемет әсер алдым. Жергілікті халық та кеңпейіл, қонақжай. Өте ризамын!
РКС: Сапаржайдың ашылу салтанатына теміржол саласының ардагерлері де арнайы келген. Олар бұл вокзалда ұзақ жыл еңбек етіп, саналы ғұмырын теміржол саласына арнаған мамандар
СНХ: КҮЛАНДА АДАМОВА, ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Бұл вокзалда мен 20 жылдан артық жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Ол кезде вокзалымыз жақсы болса да, бірақ ремонт жасайтын кезі келді деп ойлайтынбыз. Бұл вокзал өте ыстық бізге.
РКС: Айта кетейік, көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында ел бойынша 124 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтсе, соның 16-сы Ақмола облысына тиесілі. Қазір бұл нысандардағы жұмыстар аяқталуға жақын. Алдағы уақытта Шортанды мен Макинск сапаржайлары ел игілігіне беріледі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ