ДИКТОР: Күні кеше өңірде АҚШ Елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан халықаралық English Access Scholarship Program білім беру жобасының екі жылдық оқу кезеңі қорытындыланды. Көкшетауда өткен салтанатты шараға АҚШ делегациясының өкілдері арнайы қатысты. Биыл өңір бойынша 94 оқушы халықаралық жобаның түлегі атанып отыр.
РКС: English Access Scholarship - әлемнің ондаған елінде жүзеге асырылатын халықаралық білім беру бастамасы. Жоба аясында жасөспірімдер екі жыл бойы ағылшын тілін тегін меңгерді. Сабақтар Көкшетау, Щучинск және Балкашино елді мекендерінде ұйымдастырылды. Бағдарлама тек тіл үйретумен шектелмей, қатысушылардың көшбасшылық қабілетін дамытуға, мәдениетаралық байланысын нығайтуға бағытталған. Оқушылар АҚШ тарихы мен мәдениетін танып, жазғы лагерьлерге қатысып, шетелдік мамандармен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.
СНХ: АЙНАГҮЛ ИСМАҒҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ АҒЫЛШЫН ТІЛІ МҰҒАЛІМДЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бұл бағдарламаның маңыздылығы мынада: біз осы жоба аясында ағылшын тілін тек қалалық оқушыларға ғана емес, сонымен қатар Щучинск пен Балкашино ауылдық мектептерінің оқушыларына да үйренуге мүмкіндік бердік. Бұл өте үлкен мүмкіндік.Жалпы алғанда, бұл АҚШ елшілігінің қолдауымен бүкіл әлемде жүзеге асырылып жатқан жаһандық бағдарлама. Бұл жоба бізде қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, бұл оның үшінші түлектер легі. Яғни алғашқы кезеңде 24 оқушы болды, келесі кезеңде 36 оқушы, ал қазір 94 оқушы қамтылып отыр. Қазір біз келесі жылға және одан кейінгі екі жылға да балалардың осы бағдарлама аясында тегін білім алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін гранттық конкурсқа қайта өтінім беріп отырмыз.
РКС: Бағдарламаның басты ерекшелігі - қатысушылардың ағылшын тілін еркін меңгеруі. Ағылшын тілінде еркін сөйлеп, ақпаратты толық түсіне алады. Сондықтан халықаралық жоба түлектері жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие болатын маңызды құзыреттерді игеріп шығады, - дейді АҚШ делегациясының өкілдері.
СНХ: АЛИ ЛЕЙЛИЧ, АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:///аударма///Мені ең қатты қуантатыны балалардың өзіне деген сенімділігі. Бағдарламаға алғаш келгенде олар әлі мектептің ортанғы сыныптарында оқитын, ағылшын тілін өте аз білетін жасөспірімдер болған. Ал екі жылдан кейін олар көптеген жағынан есейіп, ағылшын тілінде еркін сөйлесіп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен ашық әрі шынайы қарым-қатынас жасай алатын деңгейге жетті. Олар ағылшын тілін, өзіне деген сенімін және алған дағдыларын пайдалана отырып, өз ойларын еркін жеткізе алады. Бұл олардың қауымдастықты және өз елін жақсартуға бағытталған армандары мен мақсаттарын жүзеге асыруына көмектеседі.
СНХ: ИЛЬЯ ЗАХАРЧЕНКО, ENGLISH ACCESS SCHOLARSHIP БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Әсіресе топтық жұмыстар және өзара еркін сөйлесуге бағытталған сабақтар ерекше ұнады. Бүгін мен үшін ерекше қуанышты сәт. Екі жылдық курсты сәтті аяқтағаныма және ағылшын тілін тегін меңгеруге мүмкіндік алғаныма өте ризамын. Мұндағы ұстаздарымыз өте білікті әрі жанашыр. Олар бізге көп нәрсе үйретіп, білімімізді арттыруға үлкен үлес қосты.
РКС: АҚШ Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Access бағдарламасы толықтай грант есебінен қаржыландырылады. Жоба аясында оқушылармен қатар ағылшын тілі мұғалімдері де кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Олар ай сайын АҚШ Елшілігі ұйымдастыратын арнайы оқу курстарына қатысады. Салтанатты шара барысында екі жылдық бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар табысталып, оқушылардың жетістіктері жоғары бағаланды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ