ДИКТОР: Маусым айының ортасында каратэ киокушинкай-кан спорт түрінен Бишкек қаласында Азия Чемпионаты өтті. Додаға 10 елдің 500-ге жуық каратэші қатысты. Көкшетау қаласының 7 спортшысы бақ сынап, жоғары деңгейдегі дайындығын көрсете алды. Жас каратэшілердің чемпионаттан кейінгі жаттығуларына тілшіміз Евгений Варанкин барып қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қазақстан құрамасының сапындағы көкшетаулықтар кумите және ката бойынша бақ сынасты. Кумитеден 3 алтын және бір күміс медаль алса, катадан 3 алтын медаліне ие болды. Жас спортшыларды осындай жоғары нәтижеге жеткізу үшін тыңғылықты дайындықты ұйымдастырып жүрген бапкер Азамат Такенов 20 жыл бойы жаттықтырушылық жұмыспен айналысып келеді.
СНХ: АЗАМАТ ТАКЕНОВ, КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭДЕН БАС БАПКЕРІ: Он жастан бері каратэде жүрмін. 30 жылдай болды каратэмен айналысқаныма. Біз 2026-да Әлем чемпионатына барып келдік Жапония еліне. Сол жерден 2 бірінші орын алып келдік. Негізі каратэміз жақсы қарқынмен дамып жатыр. Спортшылардың ынталығы жақсы. Айналысу үшін барлық жағдайлар бар. Спортшылардың саны артып келе жатыр. Бізде екі жылда бір рет Азия чемпионаты өтеді, екі жылда бір рет Әлем чемпионаты өтеді. Олардың мотивациясы Әлем чемпионатына барып, ұтып алып келу.
РКС: Дода жеңімпаздардың бірі Еркежан Қиямідін осы спортқа 8 жыл бұрын келді. Осы уақыт ішінде ғажайып нәтижелерін көрсетіп жүрген жас спортшы қазірдің өзінде әлем чемпионы атағына ие. Сөзінше, каратэмен ерлер ғана емес, қыздар да айналысып, жоғары деңгейге жете алады. Халықаралық турнирлерге қатысып, жоғары шеберліктерін дәләлдеп келеді.
СНХ: ЕРКЕЖАН ҚИЯМІДІН, АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕГЕРІ: Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Себебі ол жерде 500-ге жуық спортшы болды. Мен 4 жекпе-жек өткізіп, бірінші орынға ие болдым. Жарысу қиын болды, себебі түрлі елдерден спортшылар келіп, біз өзіміздің жинаған күшімізді көрсетіп, бірінші орынға ие болдым. Сондықтан алғысымды білдіремін, бапкеріме біріншіден, ата-анама. Осы спортпен 8 жыл айналысыпкелемін. Осы спортқа келгеніме еш өкінбеймін.
РКС: Тимуджин Бектұрғанов каратэден әлем чемпионы атағын иеленген дарынды жас қазақстандық спортшы. 14 жасында Токиода өткен әлем чемпионатында топ жарып, үлкен жетістікке жеткен.
СНХ: ТИМУДЖИН БЕКТҰРҒАНОВ, АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ АЛТЫН МЕДАЛЬ ИЕГЕРІ: Дайындығымыз жақсы болды. Бұған дейін Жапонияда өткен әлем чемпионатында жарысып, бірінші орын алдым. Бұл спортпен шамамен 10 жыл бойы айналысып келемін. Осы уақыт ішінде Қазақстан, Азия және әлем чемпионаттарында жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Келер жылы Жапонияда әлем чемпионаты өтеді. Оған дайындалып жатырмыз.
РКС: Азия чемпионатындағы табысты өнер көкшетаулық спортшылардың халықаралық аренадағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бапкердің жүйелі еңбегі мен спортшылардың табандылығының арқасында өңірде киокушинкай-кан каратэсі қарқынды дамып келеді. Енді жас чемпиондар келер жылы Жапонияда өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастап кеткен. Басты мақсат ел намысын абыроймен қорғап, әлемдік додада жеңіс тұғырынан көріну.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ