ДИКТОР: Елімізде цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында бірінші сыныпқа өтініш қабылдау «OQU» білім беру платформасына көшірілді. Маусымның 10-ы басталған құжат қабылдау тамыздың 31-не дейін жалғасады.
РКС: Биыл Ульяна Аблееваның баласы бірінші сыныпқа барады. Қарбалас жұмыс кестесіне байланысты оның мектепке барып, құжат тапсыруға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан ол өтінішті «OQU» платформасы арқылы онлайн жолдаған. Жаңа цифрлық жүйе уақытты үнемдеп, құжат рәсімдеу процесін әлдеқайда жеңілдетті,-дейді қала тұрғыны.
СНХ: УЛЬЯНА АБЛЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Баламыз бірінші сыныпқа барады. Құжаттарды «Оқу» ұлттық білім беру платформасы арқылы тапсырдық. Бұл өте ыңғайлы екен. Тіркелген мекенжайымыз бойынша №1 мектеп-гимназияға қабылдандық, енді баламыз сол мектепте білім алады. Үйден шықпай-ақ барлық құжаттарды компьютер арқылы жүктедік. Бір тәулік ішінде баламыздың бірінші сыныпқа қабылданғаны туралы жауап алдық.
РКС: Қабылдау кезінде ең алдымен мектепке бекітілген аумақта тұратын балаларға басымдық беріледі. Мысалы, мектеп өзіне қарасты шағын ауданнан үш оқушыны қабылдаса, содан кейін ғана басқа аумақтан бір баланы қабылдай алады. Осылайша, тұрғылықты жері бойынша тіркелген балалардың мектептен орын алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Дегенмен, бос орын болған жағдайда өзге шағын аудандарда тұратын ата-аналар да баласын қалаған мектебіне тіркей алады. Биыл өтініш беру мен құжаттарды рәсімдеу үдерісі толықтай электронды форматта жүзеге асырылады.
СНХ: ИРИНА ФРАНЦ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Ата-аналар немесе балалардың заңды өкілдері мектепке бармай-ақ, өтінішті электрондық форматта бере алады. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, олар білім беру ұйымдарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына жүгіне алады. Қажет болған жағдайда мамандар өтінішті рәсімдеуге көмектеседі. Өтініш беру үшін ата-аналар платформаға электрондық цифрлық қолтаңбасымен немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы авторизациядан өтуі қажет. Одан кейін білім беру ұйымын таңдап, электрондық өтінішті толтырып, қажетті құжаттарды қоса тіркейді.
РКС: Жаңа оқу жылында өңір бойынша 494 мектеп оқушыларды бірінші сыныпқа қабылдайды. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын 12 мыңнан астам ақмолалық бүлдіршін аттайды,-дейді мамандар. Қазірдің өзінде аймақтағы білім беру ұйымдарына 10 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа қабылданған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ