ДИКТОР: Жыл сайынғы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны маусымның 23-і мен 26-сы аралығында Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде өтті. Халықаралық спартакиадада биыл 53 құрама бақ сынасты. Бүгін жиынның жабылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
РКС: Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде жас сарбаздар автомат пен қылышты асқан шеберлікпен меңгергендерін паш етіп, дәлдігімен, үйлесімді қимыл-қозғалысымен және жоғары әскери даярлығымен көрермендердің зор ықыласына бөленді.
ИНТЕРШУМ: \
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Халықаралық спартакиада бағдарламасы 13 байқау кезеңін қамтыды. Оның ішінде әскери-қолданбалы кросс, эстафеталар, оқ ату жарыстары, кермеде тартылу, зияткерлік сайыстар мен шығармашылық байқаулар өтті. Дәстүрлі жарыстармен қатар қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен де бақ сынасты. Бағдарламаға садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақ енгізілген. Айта кетейік, биыл спартакиадаға Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген командалар қатысты.
РКС: Жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиындардың жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және өзара қолдауға тәрбиелеудегі рөліне тоқталды. Президенттің айтуынша, «Айбын» спартакиадасы жас буынның физикалық дайындығын ғана емес, зияткерлік қабілеті мен командалық рухын да шыңдайтын маңызды алаңға айналған.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!
РКС: Жиынның тәрбиелік маңызымен қатар, ұйымдастырушылар жарыстың мазмұнын жыл сайын жетілдіріп келеді. Бұл жолы сайыс түрлерінің қатары тағы бір кезеңмен толықты. Мұндай өзгерістер жастардың жан-жақты дайындығын шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
СНХ: МЕЙІРБЕК МЕНДІҒАЛИЕВ, «ЖАС САРБАЗ» ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жыл сайын бір конкурс қосып тұрамыз. Биыл ерекшелігі жүзуден конкурс қосып жатырмыз. Өйткені бізде ой болды, елімізде жастар бар ғой жүзуге білмейтін. Сондықтан біздер осы жиынға қосып, іріктеу кезеңінде қаншама бала осы сайысқа дайындалу үшін жүзуді үйренді. Оның алдында ұлттық ойындар бағыты бойынша садақ ату сайысын қосқан болатынбыз. Қазіргі таңда барлық еліміздің мектептерінде садақ ату дәріптеп, үйреніп келе жатыр.
РКС: Қатысушылардың сөзінше, жарыс жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, әр өңір мен әр елден келген жастардың достығын нығайтуға мүмкіндік берген. Олар бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалып, әскери даярлықпен қатар командалық бірлікті де шыңдаған.
СНХ: ҚАНАҒАТ АЯЗБЕКОВ, «АЙБЫН-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНЫНА ҚАТЫСУШЫ: /АСТАНА/: Команда бойынша біз үлкен нәтиже көрсеттік. Көптеген сайыстар болды. Өзімізге осы «Айбында» жақсы достар таптық. Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерден достар және бір-бірімізге үлкен қолдау көрсеттік. Бізге қатты қиын болған ол арқан тартыс. «Айбынға» дайындалған уақытымыз 3-4 ай болды. Оның алдында үлкен жарыстар болды. Ішінен мықтыларды талдап осы Айбынға келдік.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Қарағанды және Ақмола облыстарының командалары иеленді. Екінші орын Шымкент қаласының жас сарбаздарына бұйырды. Ал бірінші орынды Жетісу облысының командасы жеңіп алды. Бас жүлдені еліміздің намысын қорғаған Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің командасы еншіледі. Халықаралық командалар арасында Өзбекстан екінші орынға ие болса, Ресей мен Әзербайжан құрамалары үшінші орынды бөлісті. Осылайша, биылғы «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиыны мыңға жуық жастың әскери даярлығын шыңдап қана қоймай, халықаралық достық пен тәжірибе алмасу алаңына айналды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ