ДИКТОР: 28 маусым - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы мереке қарсаңында өңірдің ақпарат кеңістігінің дамуына сүбелі үлес қосып, журналистика саласында қажырлы еңбек етіп жүрген бір топ сала маманы марапатталды.
РКС: Қаламы қару, сөзі таразы болған журналист - қоғамның үні, халықтың көзі һәм құлағы. Ақпарат айдынында ақиқатты арқау етіп, ел мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған БАҚ өкілдері күн сайын уақытпен жарысып, жұртшылыққа шынайы әрі жедел ақпарат жеткізу жолында аянбай еңбек етеді. Кәсіби мереке қарсаңында өңір журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. «Көкше» телеарнасының шеф-редакторы Гүлнәр Бекенова ақпарат саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық кәсіби еңбегі үшін Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Салтанатты жиында аймақ басшысы Марат Ахметжанов журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, ел өміріндегі ақпарат саласының айрықша маңызын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде алдарыңызда алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің кәсіби сабақтастықтарыңыздың арқасында өңір журналистикасы өз биігін көрсетіп отыр. Журналисттердің осы еңбегі жоғары бағаланады әрқашан да. Бүгінгі мереке ерекше мәні бар. Құрметті журналисттер сіздерге артылған сенім жоғары.
РКС: Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтыңбастамасымен биыл бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылуда. Кәсіби мереке қарсаңында ақпарат саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар журналистке баспана кілті табысталды. Осы орайда «Арқа ажары» Ақмола облыстық газетінің бөлім меңгерушісі Ұлмекен Сәдуақасова мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Ақмола облысындағы меншікті телеоператоры Данияр Жұмағұловқа жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде берілді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАҚСТАН» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕНШІКТІ ТЕЛЕОПЕРАТОРЫ: Мен «Қазақстан» телеарнасында жалпы 22 жыл жұмыс істеп келемін. Соның 14 жылы Ақмола облыстық телеарнасында жұмыс істедім. Режиссер де болдым, оператор да болдым. Қазір 8 жылдан бері «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті телеоператорымын. Бүгінгі марапатқа пәтер кілтін табыс етті. Өте қуаныштымын. Сезімімді жеткізу қиын екен. Эмоциямды өзім тежеп отырмын. Алдағы уақытта әріптестеріме осылай баспаналы болсын деймін. Жұғысты болсын деймін.
РКС: Салтанатты шара барысында дәстүрлі «Арқа төрі – Ақмола» шығармашылық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Соның бірі «Найза Көкше» ақпарат агенттігінің редакторы Сәуле Құсайынова. Ол «Үздік репортаж» номинациясының жеңімпазы атанып, кәсіби шеберлігі үшін лайықты марапатқа ие болды
СНХ: СӘУЛЕ ҚҰСАЙЫНОВА: Бүгін біздің ұжым үшін ерекше күн. Біз «Үздік репортаж» номинациясының жеңімпазы атандық. Бұл жетістік - ең алдымен бізге сенім артатын оқырмандарымыздың арқасы. Бізге үнемі қолдау білдіріп, өз мәселелерімен жүгінетін, біздің көмегімізге сенетін барша қауымға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да олардың сенімінақтап, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз.
РКС: Бұдан бөлек, шығармашылық байқаудың 10 номинациясы бойынша үздік деп танылған материал авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар қатарында әріптестеріміз Павел Соловьев, Жанар Мұқышева, Жүрсін Өмірзақ, Эльмира Оспанова, Сәния Идрисова да бар. «Бұл өңір журналистерінің кәсіби біліктілігі мен ақпарат саласына сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ