ДИКТОР: Сандықтау ауданына қарасты Балкашино ауылында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Шараға полиция ардагерлері, департамент басшылығы және қызметтегі тәртіп сақшылары, сондай-ақ қаза болған қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
РКС: Ескерткіште есімдері мәңгілікке қашалып жазылған қызметкерлердің ерлігі ұлықталды. Олар батылдығымен және жанқиярлық еңбегімен ел жадында сақталады. Солардың бірі Балкашино аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік практика инспекторы Владимир Шапарь. Ол 1989 жылдың шілде айында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан.
СНХ: ЛИДИЯ КАРПЕНКО, ВЛАДИМИР ШАПАРЬДЫҢ АПАСЫ: Осы шараны ұйымдастырғаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Полиция департаменті өз қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерінің рухын құрметтеп, олардың есімін ұмытпай келе жатқаны қуантады. Биыл ағам Владимир Павлович Шапарьдың өмірден өткеніне 39 жыл толады. Оның үш баласы қалды, бүгінде сегіз немересі бар. Былтыр шөбересі дүниеге келді. Өкінішке қарай, ол немерелерін көріп, балаларын тәрбиелей алмады.
РКС: Шараға облыстық полиция департаментінің өкілі мен аудан әкімі қатысты. Аслан Қызбикенов ескерткіштің ашылуы азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын қиған қызметкерлерге көрсетілген құрмет әрі ішкі істер органдарындағы қызметтің жауапкершілігі мен маңызын еске салатын белгі екенін айтты.
СНХ: АСЛАН ҚЫЗБИКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл ескерткіш заң мен қауіпсіздік жолында өмірін құрбан еткен азаматтарға тағзым ғана емес, Отанға адал қызмет етудің, антқа беріктіктің және әділдік қағидаттарына деген құрметтің символы. Ішкі істер органдарындағы қызмет әрдайым аса жауапты әрі күрделі мамандықтардың бірі болып қала береді.
РКС: Аудан әкімі Серік Құдабай бейбіт күннің батырларының ерлік істерін халық жадында сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
СНХ: СЕРІК ҚҰДАБАЙ, САНДЫҚТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Біз қызметтік міндетті атқару кезінде қаза тапқан ер жүрек азаматтардың рухына тағзым етіп, олардың есімін ұрпақ жадында мәңгі ету мақсатында бой көтерген ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Осы тағылымды күні барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында абыройлы қызмет еткеніңізге табыс тілеймін. Әрдайым аман-есен болып, отбасыларыңыздың қуанышын көріңіз. Қызметтеріңіз тыныш, ел дербестігі, экономикасы берік, мемлекеттің беделі үстем болсын.
РКС: Ашылу салтанаты ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ