ДИКТОР: Мал - баққанға бітеді,-дейді қазақ. Төрт түліктің қамын күйттеп, таңнан қара кешке дейін тынымсыз еңбек ететін малшының маңдай терін бірі - білсе, бірі - білмес. Ақмола облысында 10-шы «Kazakhstan Jańa Dala- 2026» көрмесі қарсаңында «Ең үздік малшы» медиажобасы бастау алды.
РКС: Таңның атысынан - күннің батысына дейін толассыз еңбек. Малшының бір күні дәл осылай басталады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан төрт түліктің жайын күйттеп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі көп жағдайда көпшілікке көріне бермейді. Жаңа медиажобаның мақсаты да сол. Кең даланың төсінде төрт түлікті өргізген адамдардың қажырлы еңбегін дәріптеуді көздейді.
СНХ: РАУШАН ЖАНАБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Цель экспедиции -записать серию эксклюзивных мини-интервью с чабанами, пастухами и табунщиками, от тяжелого и круглосуточного труда которых напрямую зависит продовольственная безопасность региона. Это значимая, но часто остающаяся в тени профессия сельской экономики.//аударма// Экспедицияның басты мақсаты - қойшылар, бақташылар мен жылқышылардың қатысуымен эксклюзивті шағын сұхбаттар сериясын әзірлеу. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей үлес қосып жүрген бұл мамандардың еңбегі аса маңызды болғанымен, көбіне көпшілік назарынан тыс қалып жатады.
РКС: Қазір жоба аясында түсірілім тобы аймақ аудандарын аралап, ата кәсіпті дамытып жүрген адамдардың тыныс-тіршілігін таспаға түсіріп жүр. Алғашқы екі күннің өзінде Атбасар, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы және Зеренді аудандарындағы малшылардың еңбегі қамтылды. Кейіпкерлер еңбек жолы, отбасылық дәстүрі мен мал шаруашылығының қыр-сыры туралы әңгімелейді. Мамандар мұндай жобаның маңызы зор екенін айтады.
СНХ: АҒЫБАЙ ЕРДЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бүгінде облыста жылқы, ірі қара және ұсақ малдың жалпы саны 1,5 миллион бастан асады. Оның ішінде 640 мың бастан астамы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында, ал 870 мыңнан астамы тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында өсіріледі. Бұл көрсеткіштер өңірде мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын және халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын аңғартады.
РКС: Ал медиажоба жеңімпазын қазылар емес, халық анықтайды. Жеңімпаздар «Kazakhstan Jańa Dala-2026» халықаралық көрмесінде салтанатты түрде марапатталады. Аталмыш шара шілденің 16-17 аралығында Целиноград ауданының Нұресіл ауылында өтеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ