ДИКТОР: Өңірде көктемгі егіс науқаны аяқталып, 5,5 миллион гектар жерге дән сіңірілді.Қазір шаруашылықтар егіннің бітік өсуінен мүдделі. Алқаптарды минералды тыңайтқыштармен және өсімдіктерді қорғайтын арнайы препараттармен өңдеп жатыр. Толығырақ тілшіміз баяндайды.
РКС: «Шаңырақ Р» серіктестігі тыңайтқыштармен топырақты құнарландырып, арам шөптер мен зиянкестерден қорғау шараларын қолға алды. Әр гектарға шамамен 200 келі тыңайтқыш қолданылып жатыр. Азот, фосфор және басқа да элементтер дәнді-дақылдардың өсіп, жетілуіне ықпал ететін бірдеН-бір құралдар. Сонымен қатар сұйық қосымша азықтандырғыштар да жерге сіңірілуде.
СНХ: УӘЛИ РАХМЕТОВ, «ШАҢЫРАҚ Р» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Тыңайтқыштардың ішінде аммофостың пайдасы зор. Әсіресе көктем құрғақ болған кезде бұл тыңайтқыштар топыраққа сіңіп кетуі үшін парға себеміз, сол кезде өздігінен еріп, нәтиже береді. Сонымен қатар борды да пайдаланамыз, ол күнбағыс пен зығырдың өсуіне пайдалы. Қосымша азықтандыру жұмыстарын жапырақтарға да жүргіземіз.//
РКС: Үлкен вегетативті салмағы бар алқаптар осал келеді. Оларды қосымша құнарландыру үшін агрономдар бак қоспаларын қолданады. Бұл жерде технологияны сақтау өте маңызды. Ұнтақ немесе сұйық күйдегі әр препарат бакқа өз ретімен салынуы тиіс.
СНХ: АБЫЛАЙХАН ӘЛМҰҚАНОВ, АГРОНОМ – ТЕХНОЛОГ: Химиялық қоспаларды араластырғанда өте мұқият болу керек. Оның құрамына назар аударған жөн.Мысалы, құрғақ ұнтақтар, су дисперсті түйіршіктер, эмульсия концентраты сияқты басқа да азықтандырғыштар бар, бұлардың әрбірін араластырудың ретін сақтамаса, топырақты бүлдіріп, өсімдіктің жапырақтарын күйдіріп жіберуі мүмкін.
РКС: Дайын қоспаларды шаруашылықтарда пайдаланудың техникалық шешімдері бар. Диқаншылар егістік алқаптарының бір бөлігін агродрондардың көмегімен өңдеп жатыр. Олар азықтандырғыштарды ауа арқылы шашады. Тыңайтқыштар бірден өсімдіктердің тамырына сіңеді. Мұндай технология дәлдікпен жүзеге асқандықтан, жас өскіндерге зиянын тигізбейді. Агродрондарды пайдалану үшін де арнайы білім қажет.
СНХ: РУСТАМ МӘЖЕНОВ, NOMAD FLY КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Барлық процесс пультте көрсетілген. Бакта қанша сұйықтық барын, ағын шығынын өлшегіштен көруге болады. Дрон батареясының қуаты мен оның қанша спутниктерді қабылдап алғаны анықталған жағдайда кедергілер де бірден көзге шалынады. Табысты жұмыс істеу үшін картография дұрыс болуы тиіс. Қазақстанда өткен жылдан бастап осы дрондарды басқаруды үйрететін орталықтар ашылды. Қазір 3-4 орталық мемлекеттік стандартқа сай категорияларды береді. Үшінші категория ол 25 –тен 750 килограммға дейінгі ұшқышсыз ұшу аппараттарына беріледі.
РКС: Өңірде жалпы алғанда шаруашылықтар егістік алқаптарына 400 мың тонна минералды тыңайтқыштар себетін болады.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.