ДИКТОР: Ақмола облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 105 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның 80 келіден астамы - синтетикалық есірткі. Ғасыр індетіне айналған кесел бүгінде интернет кеңістігінде кең етек жайған. Алаңдатарлығы есірткі айналымына кәмелетке толмаған жастар ілігіп жатады. Сондықтан мамандар нашақорлықтың салдарымен емес, себебімен күресті күшейтіп жатыр. Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Көкшетауда «Мен өмірді таңдаймын» атты акция өтті. Ауқымды акцияға 2 мыңға жуық адам қатысты.
РКС: Жыл басынан бері есірткіге қатысты 182 құқық бұзушулық тіркелген. Оның 64-і есірткі сату дерегі. Аса ірі көлемде сақтау бойынша 12 дерек, ал есірткі жарнамалаудың 2 жағдайы анықталған. Мамандар профилактикалық шараларды күшейткен.
СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: Нашақорлыққа қарсы айлық аясында еріктілермен, үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп нашақорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі форматтағы профилактикалық іс-шаралар өткізді. Бұл жұмыстарға азаматтық қоғам өкілдері де, мемлекеттік мекемелер де белсенді қатысты. Осындай акциялар облыстың барлық аудан орталықтарында да ұйымдастырылды.
РКС: Әрине, есірткіге қарсы күрес тек жауапты органдардың шараларымен шектелмеуі тиіс. Бұл іске ата-аналдар мен қоғамның барлық өкілі тартылуы тиіс.
СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Біз нашақорлықтың, әсіресе жастар үшін қаншалықты үлкен қауіп екенін жақсы түсінеміз. Қазіргі жастарда бұл індетке қарсы өзіндік көзқарас пен иммунитет қалыптасып келеді. Нашақорлықты тек бір реттік шаралармен жеңу мүмкін емес. Ең бастысы – жастардың санасында дұрыс құндылықтарды қалыптастыру. Осы мақсатта елімізде қоғамның беделді өкілдері қатысатын кеңестер жұмыс істейді, олар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
РКС: Ауқымды шараға 2 мыңға жуық адам қатысты. Іс-шара барысында профилактикалық жұмыстарға және еріктілер қозғалысын дамытуға үлес қосқан азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. Ашық аспан астында өткен шара концерттік бағдарламамен, спорттық көрсетілімдермен, танымдық викториналармен жалғасты. Сондай-ақ «Сенім» оңалту орталығының театрландырылған қойылымы көрсетіліп, жас каратэшілер өнерін паш етті. Шара концерттік бағдарламамен түйінделді.
ИНТЕРШУМ:
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ