ДИКТОР: Көкшетауға жақын орналасқан Шалқар курортты аймағында экологиялық бекеттер автоматтандырылды. Бұдан былай ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіру ақысын арнайы электронды жүйе қабылдайды. Жаңашылдықты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырып отыр. Туристерден түсетін төлемдердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Қаражат тікелей қорық аумағын дамытуға бағытталады.
РКС: Бақылау-өткізу пункттеріне кіретін жолдарға төлем жасаудың реттілік нұсқаулығы бар ақпараттық баннерлер орнатылған. Қазір жол бойынша осындай үш стенд ілінген. Жуыр арада QR-коды бар қосымша тағы 4 баннер орнатылмақшы. Туристер соның көмегі арқылы төлемді алдын ала жасауына да болады.
СНХ: ЮРИЙ КОЗАРЕНКО, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Шалқар курортты аймағының аумағына кіру үшін автоматтандырылған экобекеттер жұмыс істеп тұр. Экобекеттер Айыртау және Шалқар ауылдары жағында орналасқан. Ұлттық парктің аумағына кіру үшін төлемді қосымшаның көмегі арқылы да, сонымен бірге курортты аймаққа келген кезде де төлеуге болады. Жүйе автоматтандандырылғанға дейін төлем қолма-қол ақша түрінде алынып келген еді. Сондай-ақ шлагбаум адамның көмегімен ашылатын. Қазір автоматтандырылған жаңа жүйе енгізілгеннен кейін кептеліс мәселесі шешілуі тиіс.
РКС: Автокөлік иелері мен туристер байланыссыз төлемнің қолайлығын оң бағалауда. Әрине, цифрлық жүйенің қалыптасуына уақыт керек. Десе де, көлік жүргізушілері бақылаудан өтудің біршама қысқарғанын айтуда.
БЛИЦ:
- Бастапқыда төлем жасау үшін QR-кодқа үйрену өте қиын болды. Бірақ, өзіміз үшін оң тұстарыныцң көп екеніне көз жеткіздік. Ең бастысы ешкімді күтіп тұрмайсың. Кез келген уақытта QR-код бойынша төлеп, кете береміз. Өте ыңғайлы әрі жылдам.
- ПБекет өте жақсы, ыңғайлы етіп жасалған. Бәрі электронды түрде. Еш қиындық жоқ. Бізге ұнады. Тағы бір ацйтарым, тіпті үйде отырып та алдын ала төлем жасай беруге болады. Діттеген жерге келген кезде камера көліктің номерін бірден оқып, автоматты түрде өткізе береді.
- Шлагбаум өте жақсы дүние. Үйден шыққан бетте-ақ төлеп тастап, мына жерге келгенде бірден ашыла қалады. Бұрын ұзын-сонар кезекке тұратын едік. Қазір шлагбаум қойғаннан кейін бәрі керемет.
РКС: Ұлттық табиғи паркте туристік инфрақұрылымды дамыту ісі жалғасуда. Жыл басынан бері қызметкерлер 30-ға жуық экологиялық акция ұйымдастырды. Оған 400-дей адам қатысты. Парк аумағынан 32 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық шығарылды. Тазалықты сақтау мақсатында жаңадан 31 контейнер орнатылды. Жуыр арада парк басшылығы «Ақан сері» тауының көрініс алаңын абаттандыруды қолға алмақшы.
ИНДИРА СҰЛТАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ