ДИКТОР: Бүгін күшіне енген жаңа Конституция мемлекеттің дамуындағы маңызды саяси кезең. Енді Қазақстанда азаматтардың құқықтарын қорғау және кінәсіздік презумпциясы ең жоғары деңгейде конституциялық тұрғыдан бекітілді. Сондай-ақ, «Миранда қағидасы» қолданысқа енгізілді.

РКС: Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшуде. Конституциялық реформадан кейін елде «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет» формуласы бекітілді. Республика президенттік басқару нысанын сақтай отырып, заң шығарушы билік тармағын жаңғыртуға кірісті. Бұл жүйеге цифрлық технологиялар мен деректерді талдау тетіктері енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа конституциялық орган – «Халық Кеңесі» құрылады. Ол қоғамдық кеңестер мен қоғамның түрлі топтарын біріктіріп, заң шығару бастамасын көтеру құқығын иеленеді.

СНХ: АЯН ДҮЙСЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ СОТ ӘКІМШІЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Конституциялық және заңнамалық реформалар мемлекеттің басқару жүйесіндегі бұдан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Жалпы, осы конституциялық және заңнамалық реформалардың түпкі мақсаты — бұл азаматтардың құқықтық құқықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуы.

РКС: Ауқымды өзгерістердің басты мақсаты халықтың өмір сүру сапасын арттыру және азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейту. Жаңартылған Конституция жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жаңа тәсілдерді қалыптастырып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігінің жаңа стандарттарын енгізеді. Өзгерістер сот төрелігі саласын ғана емес, қоғамның өзекті сұраныстарын да қамтыды.

СНХ: ДИНАРА НҰРЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Конституция адам құқықтарын қорғаудың моделін түбегейлі өзгертті. Онда қылмыстық сот ісін жүргізудің негізгі кепілдіктері сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, әр адамның ажырамас құқықтары тұрғысында бекітілді және олар адам бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті болып саналады. Сонымен қатар, алғаш рет Конституция деңгейінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншік құқығын қорғау, дербес деректер мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда цифрлық құқықтарға кепілдік беру, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі бекітілді.

РКС: Ауқымды заңнамалық реформалар елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалады. Жаңа тетіктер азаматтарды маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған. Президент атап өткендей, ендігі негізгі міндет атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының жаңартылған барлық институттарының тиімді жұмысын іс жүзінде қамтамасыз ету.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ