ДИКТОР: Қазақстанда 2018 жылдан бері жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық Домбыра күні аталып өтеді. Бұл күн қазақтың рухани мұрасын, төл өнері мен мәдениетін дәріптеу мақсатында арнайы бекітілген. Домбыра күніне орай «Халық мұрасы» атты домбыра үйірмесінің есептік концерті өтті. Қасиетті қара домбыраның қоңыр үні Көкше жұртшылығын тәнті етіп, көрермендерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концертке қатысқан жас дарындардың қатарында Зеренді және Бурабай аудандарынан және көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген өнерпаздар да болды. Талантты жастар дәстүрлі халық әндерін нақышына келтіре орындап, күйлерді шеберлікпен шертіп, ұлттық өнердің көркемдігін паш етті.
РКС: «Халық мұрасы» домбыра үйірмесі осыдан бір жыл бұрын ашылған. Бүгінде 20-ға жуық шәкірт ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп, домбыра тарту шеберлігін шыңдап келеді. Үйірменің жетекшісі дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов. Ел ішін аралап жас таланттарды іріктеп үлкен сахнаға бейімдеп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырып жүрген білікті ұстаздардың бірі.
СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Бұл жерде жас өнерпаздарды сахнаға даярлау, ұялмай ұлттық өнерін таза домбырамен, ешқандай жазбасыз айтқызу. Тек қана қаланың балалрын ғана емес, Бірлестік, Ақадыр ауылынан сондай өнерлі балаларды тартып, халыққа ұсынып жатырмыз. Бұрынғы кезде біздің алдымыздағы буында 1970-80-90 жылдардың өзінде қаладағы өнерпаз ағаларымыз елдерге барып, таланатты балаларды қалаға алып келіп ұсынып шығаратын болған. Сол дәстүрді шама келгенше жасап жатырмыз.
РКС: Зеренді ауданының тумасы Әлішер Туханбетұлы 8 жасынан бері домбырасын бір сәтке қолынан тастаған емес. Халық әндеріне ерекше ықылас танытып өскен жас талант бүгін Көкше телеарнасының көрермендеріне қазақтың кеңінен танымал халық әні «Шіркін-ай»-ды орындап, өзінің табиғи дауысы мен орындаушылық шеберлігін паш етті.
СНХ:ӘЛІШЕР ТУХАНБЕТҰЛЫ, ЖАС ӨНЕРПАЗ (ЗЕРЕНДІ): Ел көшкенде жайлауға бір еркіндік, Жол үстінде жас жүрек білер кімді? Өміріңнің өзі көш, осы көштей, Керек емес жігіттің бірер күндік шіркін-ай.
СНХ: ӘСЕТ ТАЛАСБЕКОВ, ЖАС ӨНЕРПАЗ (АЙЫРТАУ): Менің қолыма ұлттық аспапты алғаш рет ең бірінші мұғалімім Гүлнәр апай ұстатты. Мен сол кісіде дайындалдым, күйлер үйрендім одан кейін демалыста осы әндерді үйрене бастадым.
РКС: «Халық мұрасы» есептік концертінде домбырадан бөлек қазақтың басқа да ұлттық аспаптары кеңінен насихатталды. Өнерпаздар әртүрлі аспаптарда орындаушылық шеберліктерін көрсетіп, халқымыздың бай музыкалық мұрасын көпшілікке танытты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жас дарындардың өнерін тамашалауға арнайы келген қонақтар да аз болмады. Солардың бірі Бурабай ауданына қарасты Үрімтай ауылынан келген Айгүл Қабдөшева. Ол жас өнерпаздардың өнеріне ризашылығын білдіріп, ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған мұндай шаралардың маңызын ерекше атап өтті.
СНХ: АЙГҮЛ ҚАБДӨШЕВА, ҚАЛА ҚОНАҒЫ (БУРАБАЙ): Мына концертті көріп біраз шаттандық, мына жастарымыз үлгілі, өнерлі, мәдениетті бола берсін. Осы концертті көріп, немерелерімізді жастардан үлгі алсын деп әкеліп отырмыз.
РКС: Қасиетті қара домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген кеш ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті. «Халық мұрасы» үйірмесінің есептік концерті жас таланттардың шығармашылық ізденісін танытып қана қоймай, төл өнерге деген құрмет пен қызығушылықты арттырған тағылымды шараға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған осындай концерттер тұрақты түрде өткізілмек.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ