ДИКТОР Инклюзивті қоғам құру - еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі. Соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Арнайы спорт секциялары ашылып, қолжетімді орта қалыптасуда. Соның арқасында олар денсаулығын нығайтып, қоғам өміріне де белсенді араласып, түрлі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Шаһардағы жүзу секцияларының бірі туралы тілшіміз баяндайды. 

РКС: Виктор Савостеенко жүзу спортымен үш жылдан бері айналысып келеді. Осы уақыт аралығында ол облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Биыл да алғаш рет ересектер арасында сынға түсіп, алтын медаль жеңіп алған. 

СНХ: ВИКТОР САВОСТЕЕНКО, СПОРТШЫ: Алғашында сауықтыру тобында жаттықтым. Кейін кәсіби дайындық тобына ауыстым. Қазір күн сайын екі сағат жаттығамын. Ал маңызды жарыстардың алдында дайындық қарқыны күшейеді. Ондай кезде күніне екі мәрте жаттығу өткіземіз. Маған әсіресе эстафеталық жарыстар ұнайды. Себебі онда әр спортшы бүкіл команда үшін жауап береді. Командаңның сенімін ақтау үшін бар күшіңді саласың. Сол сәттегі жауапкершілік пен адреналин ерекше жігер береді.

РКС: Ал Әмір Мұратбековтің спорттың бұл түрімен айналысқанына 14 жыл болған екен. Көру қабілеті бұзылса да спортшы Қазақстан чемпионаттарында ғана емес, Германия, Италия және Сингапурда өткен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған. Әлем чемпионатына да қатысып, мол тәжірибе жинақтапты. 

СНХ: ӘМІР МҰРАТБЕКОВ, СПОРТШЫ: Мен жүзу спортымен Қарағандыда, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектепте оқып жүрген кезімде айналыса бастадым. Сол кезде мені жүзу секциясына шақырды. Жүзу - мен үшін жан дүниеңді тыныштандыратын спорт түрі. Суға түскен кезде барлық ойыңнан арылып, өзіңді еркін сезінесің. Әр жаттығудан кейін бойыңа жаңа күш-жігер жиналып, өмірге деген құлшынысың да арта түседі. Сондықтан бұл спорт түрі менің өмірімнің ажырамас бөлігі.

РКС: Ерекше жандарды жаттықтыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жаттығу кезінде әр спортшының денсаулық жағдайы мен физикалық мүмкіндігі ескеріледі. Арнайы жаттығу бағдарламасы жасалады. Мұндай тәсіл олардың спорттық шеберлігін шыңдап, физикалық оңалуына да оң әсерін тигізеді,-дейді мамандар.

СНХ: АННА СИМОНИНА, БАПКЕР: Мысалы, зағип жандар бассейнде қай бағытта жүзіп бара жатқанын немесе қабырғаға қанша қалғанын білмейді. Сондықтан оларға барлық қозғалысты жанасу арқылы түсіндіріп, бассейннің шекарасын сезінуге үйретеміз. Ал есту қабілеті бұзылған спортшылармен арнайы дайындықтан өткен жаттықтырушы жұмыс істейді. 

РКС: Жүзу - адам ағзасын жан-жақты шынықтыратын спорт түрі. Ол бұлшықеттерді дамытып, қимыл-қозғалыстың үйлесімділігін жақсартып, денсаулықты нығайтады. Бүгінде бассейнге түрлі жастағы адамдар келеді. Олардың арасында церебралды сал ауруына шалдыққан, көру және есту қабілеті бұзылған спортшылар да бар. Тағдырлары түрлі болғанымен, барлығының да арманы мен мақсаты бір.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, КӨКШЕ АҚПАРАТ