ДИКТОР: Бүгін «Әділет» саяси партиясы облыстық филиалының алғашқы конференциясы өтті. Жиында өңірлік құрылымның басшысы сайланып, партияның жергілікті деңгейдегі жұмысына жаңа серпін берілді.

РКС: Сәуірдің 15-інде құрылған «Әділет» саяси партиясы аз ғана мерзімде ұйымдық тұрғыдан жедел қалыптасып, маусымның 1-інде мемлекеттік тіркеуден өтті. Партия өзін «Әділетті Қазақстан», заңның үстемдігі және азаматтардың шешім қабылдау процесіне кеңінен қатысуын қолдайтын прогрессивті саяси күш ретінде таныстырды. Бүгін өткен облыстық филиалдың алғашқы конференциясында ұйымдық мәселелер қаралып, партияның өңірлік басшысы болып Берген Беспалинов бір ауыздан сайланды.

СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Біздің бәріміздің де мүддеміз бір. Ол мүддеміз отанымыздың мүддесі. Мемлекетіміздің мүддесі. Тәуелсіздігіміздің мүддесі екендігін сіздер мен біздер жақсы түсінеміз. Менің ұсынысым бойынша «Әділет» партиясы қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының басшысы лауазымына Берген Беспалиновтың кандидатурасын ұсынамын. 2023 жылдан бері «Аманат» партиясының облыстық филиалын басқарды. Жаман аты шыққан жоқ. Ешқандай жамандыққа жол берген жоқ. Сол себепті бүгінгі құрылып отырған «Әділет» партиясын Берген Маратұлы жақсы басқарып кетеді дегенге мен сенімдімін. Менің ұсынған кандидатурамды қолдауларыңызды сұраймын.

РКС: Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты үндеуін қолдау болды. Сондай-ақ конференция барысында «Әділет» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа мүшелері сайланды. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы Айгүл Жақыпова да бар. Ол Конституцияда айқындалған ғылымды, инновацияны, білім мен адами капиталды дамыту қағидаларын жүзеге асыруда «Әділет» партиясының ұстанымы мен бастамалары маңызды рөл атқаратынына сенімді екенін атап өтті.

СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Менің ойымша, мұның астарында терең мән жатыр. Бұрын мемлекеттердің басты байлығы табиғи ресурстар мұнай, газ, металл сияқты қазбалар деп есептелетін. Ал бүгінде ең құнды ресурс адам капиталы, зияткерлік әлеует, білім және адамдар жүзеге асыратын инновациялар. Сондықтан бүгінгі күні білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға басымдық беруіміз қажет. Менің ойымша, «Әділет» саяси партиясы бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. Ең бастысы – бизнес, мемлекет және ғылым арасындағы тиімді байланысты қалыптастыру. Егер «Әділет» партиясы осы бағытқа басымдық беріп, бұл тәжірибені алдағы уақытта өңірімізге кеңінен енгізе алса, онда шамамен он жылдан кейін оның нақты нәтижесін көре аламыз. Мұндай жағдайда әрқайсымыздың жауапкершілігіміз де арта түседі. Себебі елді алға бастырып, тұрақты дамуға жеткізетін негізгі күш – ғылым, білім және инновация.

РКС: Бұдан бөлек, партия өкілдері жаңа Конституцияның кәсіпкерлерді қолдаудағы рөліне тоқталды. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келген шығынды өтеу құқығының заңмен бекітілуі бизнеске қосымша құқықтық кепілдік беріп, инвестициялық ортаның тұрақтылығын күшейтті,-дейді сарапшы.

СНХ: ИНДИРА НҰРЛАН, ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ МЕН ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ: Бұл норманың Конституция деңгейінде бекітілуі Қазақстандағы заңның үстемдігін нығайтуға бағытталған стратегиялық бағдарын айқындап, азаматтар мен бизнестің мүдделерін ең жоғары – конституциялық деңгейде қорғауды қамтамасыз етеді. Конституция кәсіпкерлер қауымдастығына Қазақстанның құқықтық тәуекелдерді дәйекті түрде төмендетіп, меншік құқығын қорғау институттарын нығайтып, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасап жатқанын көрсетеді.

РКС: Айта кетейік, «Әділет» саяси партиясы азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында өтінімдерді қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Енді әр азамат кез келген уақытта партияның ресми сайты немесе арнайы бірыңғай QR-код арқылы жүйеге өтіп, партия қатарына онлайн форматта қосыла алады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ