ДИКТОР: Зеренді ауданында еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тау-кен комбинаты іске қосылды. Бірегей өндіріс орны жылына 230 мың тонна шикізат өңдеп, 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин мен кварц құмын өндіруге мүмкіндік береді.
РКС: Тау-кен комбинаты Зеренді ауданындағы Алексеевка кен орнында орналасқан. Кезінде дәл осы жерде өңірдің өндірістік әлеуетін айқындаған тау-кен байыту комбинаты толық қуатта жұмыс істеген. Мұнда геологиялық барлау жұмыстары сонау 62-ші жылдары басталып, 1979 жылы кен орнының базасында жылына 200 мың тонна байытылған каолин өндіретін комбинат іске қосылды. Алайда 90-шы жылдары кәсіпорынның жұмысы тоқтап, бұл аумақ ұзақ жыл қаңырап бос қалады. Енді араға отыз жыл салып, жергілікті билік пен инвесторлардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өндіріс орны қайта жанданды.
СНХ: ЕРНАР ЖӘРКЕШОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Осы жобаға инвестор 12 млрд теңге өз қаражатын құйып, 90 жаңа жұмыс орнын құрып жатыр. Әр инвестициялық жоба жұмыс орнын әкелсе, жақсы айлық беретін болса халыққа бізге ол жақсы жоба болып саналады. Бұл зауыттағы айлық 650 мың теңгені құрайды. 80-90 проценті осы жергілікті осы Зеренді ауданының тұрғындары болады.
РКС: Бұған қоса, жоба тек кен өндірумен шектелмейді. Кәсіпорын базасында терең өңдеуге негізделген өндірістік кластер қалыптастыру көзделген. Алдағы уақытта мұнда шыны, құрылыс материалдары мен керамикалық бұйымдар өндірісі жолға қойылып, жаңа өндірістер ашылмақ.
СНХ: МАРАТ ХАСЕНОВ, «QAZAQ KAOLIN» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Жалпы, каолиннің қолданылу аясы өте кең. Ол құрылыс индустриясында, медицинада, химия өнеркәсібінде және керамика өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Алексеевка кен орны – әлемдегі ең ірі каолин қоры шоғырланған кен орындарының бірі. Оның мемлекеттік баланс бойынша расталған қоры 255 миллион тоннаға бағаланады. Осындай мол минералдық әлеуетке сүйене отырып, алдағы уақытта шыны, құрылыс материалдары және керамикалық плиталар өндіретін кәсіпорындарды біріктіретін өндірістік кластер құруды жоспарлап отырмыз.
РКС: Мемлекет басшысы өндірісті дамыту және инвестиция тартуды басты бағыт ретінде айқындаған еді. Ал бұл жоба елімізде экологиялық таза және экспортқа бағытталған өндірістерді құру саясатына толық сәйкес келеді. Өнім ішкі нарықпен қатар, ТМД елдері мен алыс шетелдерге де экспортталмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің өнідірістк әлеуетін арттырып, тұтас елдің экономикалық тұрақты дамуына серпін бермек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ