ДИКТОР: Демалыс күндері Көкшетауда «Akmola International Esports Cup 2026» халықаралық киберспорт турнирінің финалдық кезеңі өтті. Ақмола облысында алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды додаға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген ойыншылар қатысты. Турнир төрт ойын түрі бойынша өтті.

РКС: Халықаралық турнирге Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Қазақстан киберспорт федерациясының өкілдері мен өңірдің IT қауымдастығы қатысты.

СНХ: ҚУАНЫШБЕК ЕСЕКЕЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ: Құрметті жанкүйерлер, біріншіден, өзімнің атымнан үлкен алғысымды Ақмола облысының әкіміне айтқым келеді. Мұндай үлкен сапарды үйлестірген. Бұл өте маңызды нәрсе. Киберспорт қазір өте жақсы дамып жатыр.

РКС: Өз кезегінде Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов өңірдің цифрландыру саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Өңіріміз цифрландыру саласында көшбасшы өңірлердің бірі ретінде өз позициясын сақтап келеді. Ақпараттық технологиялар бағытындағы жобалар жүзеге асырылып, IT Hub пен Tomorrow School табысты жұмыс істеуде. Көкшетауда өтетін киберспорт чемпионатының финалы осы саланың дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы киберспорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

РКС: Турнирдің онлайн іріктеу кезеңі маусым айының ортасында басталып, плей-офф кездесулері мен онлайн финалдан кейін шешуші LAN-финалда қатысушылар Counter-Strike 2, Mobile Legends, PUBG Mobile және Clash Royale ойындары бойынша өзара бақ сынасты. Жарыс халықаралық талаптарға сай өткізіліп, өңірдегі киберспорттың дамуына жаңа серпін береді.

СНХ: ДАСТАН КӘРІМ, ҚР КИБЕРСПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ СПОРТ ДИРЕКТОРЫ: Еліміз әлемдік киберспорт аренасында өз орнын нық танытып келеді. Менің ойымша, бұл бағыт алдағы уақытта да қарқынды дамып, өркендей береді. Әсіресе, біздің Counter-Strike 2 бойынша ойыншыларымызды ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ Dota 2 дисциплинасындағы ойыншыларымыз да жоғары деңгейде ойнап жүр. Ойыншыларымыз көптеген танымал киберспорттық дисциплиналарда түрлі командалар мен ұйымдардың құрамында бақ сынауда. Бізде мықты мектеп қалыптасқан. Болашақ ойыншыларымыз дайындыққа, тәртіпке және өз-өзін жетілдіруге жауапкершілікпен қараса, әлемнің үздік командалары мен лигаларында табысты өнер көрсетуге толық мүмкіндігіміз бар.

РКС: Қатысушылардың сөзінше, мұндай жарыстар жастардың цифрлық технологияларға қызығушылығын арттырып қана қоймай, кәсіби киберспорттың дамуына да серпін береді. Шетелдік командалар ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.

СНХ: ЭРИК МИНБАЕВ, «TLC» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ (ҚЫРҒЫЗСТАН): Бұл біздің алғашқы LAN турниріміз болды. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Атмосферасы ерекше ұнады. Осы турнирде өнер көрсетуге мүмкіндік берген бауырлас халыққа зор алғысымызды білдіреміз. Ал қаланың өзіне келсек, қала өте әдемі екен. Соңғы уақытта Қазақстанда киберспорттық турнирлер жиі ұйымдастырылып жатыр. Бұл бізді қатты қуантып, алдағы уақытта да жақсы нәтижелер көрсетуге және дамуға үлкен мотивация береді.

РКС: Турнир қорытындысы бойынша Counter-Strike 2 дисциплинасында OMEGA командасы топ жарса, Mobile Legends бойынша HOG RIDER командасы жеңіске жетті. PUBG Mobile ойынында FREE MIGRANTS командасы үздік атанса, Clash Royale дисциплинасында Мирас Құсайынов чемпион атанды. Ұйымдастырушылар мұндай халықаралық турнирлер алдағы уақытта да тұрақты өткізіліп, өңірде киберспортты дамытуға серпін береді деп отыр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ