ДИКТОР: Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қадам басты. Жаңа Ата заң соңғы бірнеше онжылдықтағы ең ірі саяси реформалардың жүзеге асуына негіз болып, елдегі мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын айқындады. Қоғам белсенділері бұл өзгерістерге пікірлерін білдіріп, оны ел дамуы жолындағы маңызды кезең деп бағалауда.
РКС: Еліміздің саяси-құқықтық жүйесінде ауқымды трансформация мен жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Жаңа Конституцияда мемлекет дамуының іргелі құндылықтары нақты айшықталды. Олардың қатарында заң мен тәртіптің үстемдігі, «Таза Қазақстан» қағидаты, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы ерекше орын алады. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін нығайтып, әділетті әрі тиімді басқару үлгісін қалыптастыруға бағытталған, - дейді қоғам белсенділері.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Бұл – бұрын-соңды Ата заңымызда болмаған конституциялық құндылықтар. Бірақ ең бастысы, менің ойымша, бұл Конституция мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі трансформациялауға бағытталған. Яғни мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік органдар халықтың талап-тілегіне сай болып, есеп беретін, ашық әрі жауапты болуы тиіс. Сондықтан мен Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің тарихындағы жаңа парақ деп есептеймін.
РКС: Халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган енді «Халық кеңесі» деп аталады. Ол қоғамдағы жалпыұлттық диалогты нығайтып, азаматтық қоғамның ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз етеді. Сондықтан сарапшылар жаңа Ата заң- халық игілігіне бағытталған «Халықтық Конституция» делінуі бекер емес,-дейді.
СНХ: ҚАБДУӘЛИ ҚҰЛЫШЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жаңа басқару нысаны – «Халық кеңесі» құрылады. Оған мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, сондай-ақ ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері пропорционалды түрде енгізіледі. Сондықтан ертең осының бәрі ұсынылады, ал Президент өз нақты Жарлығымен мұның барлығын бекітеді. Менің ойымша, Конституцияға енгізілген бұл өзгерістердің ең бастысы – халық үшін пайдалы болмақ.
РКС: Айта кетейік, жаңа Конституцияның күшіне енуі азаматтардың өмірін бірден өзгертпейді. Бұрын жасалған құжаттар, меншік құқықтары, мемлекеттік қызметтер мен шарттар өз күшін сақтайды. Негізгі өзгерістер жаңа мемлекеттік институттарды құру, сайлау өткізу, жаңа заңдар қабылдау және құқықтық жүйені кезең-кезеңімен жаңа талаптарға бейімдеу арқылы жүзеге асады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ